Түркістан облысы: Бұршақ жаңбыр егістікті тып-типыл етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы: Бұршақ жаңбыр егістікті тып-типыл етті

21.06.2022

Түркістан облысы, Жетісай ауданында бұршақ жаңбыр егістікті тып-типыл етті. Мақта егілген алқаптар жарамсыз күйге түсіп, пісіп тұрған қауын-қарбыз солып қалды. Екі ауылда мың гектарға жуық жер жарамсыз болып, диқандар миллиондаған шығынға батты. Ал жергілікті билік табиғи апаттан келген шығын өтелмейді деп отыр.

Байдала ауылының тұрғыны Бердияр Еділбаев көктемнен бергі еңбегім бір күнде зая кетті деп ашынады. Он гектарға еккен жүзім мен мақта, жүгеріні түгел бұршақ ұрып кеткен. Шаш етектен шығынға батып, бір жылға күнкөріссіз қалдық деп күйініп отыр.

Бердияр Еділбаев, шаруа:

Бір мәрте бұзылып еккен мақта еді бұл жер, шығыны бір миллион бір жүз мың теңгеге барып қалды бұл жер. Төрт гектардың өзі, айдатуың бар. Солярка қымбаттады деді. Ал, жүзімді өздеріңіз көріп тұрсыздар, Үш миллионға барып қалған ол шығын. Ол жүзім өнім бермейді биыл, уже бітті.

Ауа райының қолайсыздығынан Қызылқұм мен Ділдәбеков ауылдық округтерінде бұршақ ұрып кеткен алқаптар мың гектарға жуықта йды. Мақталық пен бақша дақылдарына келген шығын көлемі миллиондаған теңгеге жеткен. Ал күнін онсыз да әрең көріп отырған шаруалар шығынымызды кім өтейді деп налиды. Базбірі несие алып, егін ексе, енді бірі соңғы малын сатып, табыс табамыз деп үміттенген.

Абдулла Мейірбеков, шаруа:

Қарызданып, қауқаланып, қанша қарыз ақша алдық зауыттардан осыған. Мына өнімнен береміз ертең, дарбыз сатқаннан кейін береміз деп. Мақтамызды сатқаннан кейін береміз деп. Осының бәрі. Енді білмеймін осы шығынымызды қалай өтейтінімізді. Қалай ақша тауып беретінімізді. Әкімшіліктен барып айттық, жаңағы шаруашылық бөліміне, әкімшілікке. Біз ешқандай жәрдем бере алмаймыз, табиғи апат дейді.

Низамхан Болатұлы, шаруа:

Общий қазір арбудың өзіне алты миллион кетіп отыр. Арғы жағында қауыным бар еще. Оған да шығын аз емес. Осы қарбызды мен келісіп қойған ем адамдармен он күнде үземін деп. Барлығы кетті, жарамсыз. Не істеймін енді, қайда барамын.

Күнкөрісін қара жерден тауып жүргендер әкімдік пен сала басшыларын шақыртқан. Бірақ нәтиже шықпады. Шенеуніктер мақталық пен бақша дақылдары сақтандырылмаса, шығын өтелмейді деп қысқа қайырған. Ал, сақтандыру компаниялары субсидия беру тоқтағалы ауданға келмей қойыпты.

Марат Әбуов, Жетісай аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан оларға шығындарын төлеу мәселесі қарастырылмаған. Шаруалар өздерінің күштерімен агротехникалық шараларды жүргізу, минералды тыңайтқыштарды беру сияқты күшейтілген жұмыстарды жүргізудің арқасында қалған өнімдерді алып қалу сияқты жұмыстарды жүргізуі керек.

Төтенше жағдайлар бөлімі де шаруаларға көмек бере алмайтынын айтып, шығарып салған. Онсыз да биыл минералды тыңайтқыштар мен жанар жағармайды қымбат бағаға алған жетісайлық диқандар енді қайта егін егуге шамамыз келмейді деп отыр. Шығынды қалай жабарын білмей дал. Сондықтан үкіметтен бір көмек бола ма деп үміттенеді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу