«Qazsport» телеарнасы қарапайым халық арасынан талантты футболшыларды іздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazsport» телеарнасы қарапайым халық арасынан талантты футболшыларды іздейді

21.06.2022

Қазспорт арнасы қарапайым халық арасынан талантты футболшыларды іздейді. Еліміздің басты спорттық арнасы қолға алған «Супер Бол» бірегей жобасының іріктеу кезеңі аяқталуға жақын. Бүгін «Астана-Арена» стадионында кастинг өтті. Елордадағы байқауға теңбіл допты шыр үйіретін жастар көп жиылған.

Бұндай форматтағы футбол жобасы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бірінші іріктеу қазақ футболының отаны Семейден бастау алып, тағы 5 өңірді қамтыды. Ендігі кезек елордалық өрендерде. Астана-Аренадағы байқауға қатысу үшін 1100 ден астам жас футболшы өтініш берген.

Айдын Қожахмет «Super bol!» жобасының креативті продюсері:

Аудандардан келіп жатыр, ауылдардан келіп жатыр. Бәрінің көзі жанып тұр. Міне мүмкіндік деп тұрған жігіттер көп болды. Сондықтан менің ойымша осы жоба арқылы футболшы болам деп армандап жүрген адамдар осындай мүмкіндікті қолданып қалатын шығар деп ойлаймын.

Талап бойынша қатысушылардың жасы 16 мен 25 аралығы болуы керек. Жас таланттардың қарым-қабілетін Самат Смақов, Давид Лория, Федор Симиниди сынды танымал футбол мамандары бақылады. Қатысушылар тасада қалмай көзге көрінуі үшін барын салып жатқаны байқалады.

Әлихан Мұңарбаев, жобаға қатысушы:

Көп жақсы ойнайтын балалар. Олар алаңда жүреді. Бірақ қайда барарын білмейді. Өз тренері жоқ сосын көп заттарды өткізіп алады. Сосын ертең-ертең деп жүріп уақытын өткізіп алып, өкініп жүреді.

Ұйымдастырушылар әр аймақтан 150 дарынды баланы іріктеп, Алматыдағы жиынға шақырады. Үздік атанған 25-і Ұлттық құрама базасында жаттығады. Барлығы да реалити шоу форматында таспаға түсіріледі. Жоба соңында үлкен ойын ұйымдастырылады. Оған Еуропа, АҚШ пен Азиядан бапкерлер келіп, үздіктермен келісім-шарт жасайды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу