Солтүстік Қазақстандағы Қызылжар ауданынына қарасты Кондратовка ауылының тұрғындары облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көлікке зар болып жүр. Елді мекенде 600-ге жуық адам тұрады. Олардың басым бөлігі Петропавл қаласында жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері жол азабын тартып жүрген тұрғындар қоғамдық көлік мәселесін шешуді талап етіп, талай табалдырықты тоздырған.
Қалаға қатынау үшін қарапайым тұрғын күн сайын 5 мың теңгесінен қағылады. Ал ақшасын үнемдейтіндер елді мекенді күре жолмен жалғайтын 4 шақырым грейдермен жаяу қатынайды. Ермек Әбілмәжінова дәрігерге қаралу үшін қалаға жиі барады.
Бүгін зейнеткердің жолы болды. Өйткені күн шайдай ашық. Айтуынша ауыл іргесіндегі қалаға жету үшін талай боран мен жаңбырдың астында қалған.
Ермек Әбілмәжінова, Кондратовка ауылының тұрғыны:
Осы жерден машина тоқтатамыз. Кейде жақсы болғанда алып кетеді, кейде жарты сағат, бір сағат тұрамыз. Қыста амал жоқтан пиа киеміз. Қасымызда пакетке етік алып жүреміз. Себебі қалада қалай жүреді?
Ермек Сабдин облыс орталығындағы наубайханалардың бірінде жұмыс істейді. Қос дөңгелекті серігін жол бойындағы ауылда қалдырып, өзі көлік тоқтатады. Кейде 30 шақырымды еңсеру үшін 3-4 сағат уақытын сарп етеді.
Ермек Сабдин, Кондратовка ауылының тұрғыны:
Қыста жаяу жүремін. Полиция қызметкерлері жолдан көліктеріне мінгізіп, қалаға жеткізген күндер де болған. Такси бір бағытқа 2,5-3 мың алады. Күн сайын жүрер болсам, жалақым жетпейді.
Петропавл-Кондратовка бағыты қалалық әкімдікке қарайды. Жауаптылар бірнеше рет байқау жарияланғанымен, жолаушылар тасымалымен айналысатын компания табылмаған.
Асқар Хабибулин, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
ИП «Рузаевское» шықты. Бір жұмадай істеді, ол маршрутта. Сосын арыз жазды, договорды бұзуға. Қазір субсидие бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз
Өйткені кәсіпкер адам аз жүретін бағытты тиімсіз деп тапқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша қоғамдық көлік иелерінің жұмыстан бас тартуының тағы бір себебі жолдың сапасыздығы. Салдарынан бұл жолмен ешкім сандалғысы келмейді.