Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка театры «Баян сұлу-Қозы көрпеш» премьерасын көрермен назарына ұсынды. Бұл жолғы қойылымның жөні бөлек. Әдетте тек трагедиялық жанрда қойылатын спектакльде бұл жолы комедия да, қиял әлеміне жетелейтін ертегіге ұқсас көріністер де бар.
Қойылым заманауи стилде. Қозы мен Баянның түр тұлғасы, киім киісі де өзгерген. Сахнада махаббат жайлы қойылымды қайғыра еске алып, кей эпизодтарда күлкіге қарық боласыз. Спектаклдің режиссеры – Мәскеуден келген тәжірибелі маман Гүлнәз Балпейісова.
Гүлнәз Балпейісова, қойылымның режиссері:
Мазмұны қаз-қалпында. Біз тек көрерменге беру тәсілін өзгерттік. Далада шырқалған әндерімен ертегі іспеттес туынды. Өздеріңіз көріп, бағасын берерсіздер.
Сахнаның безендірілуі де тым бөлек. Төрт мезгілдің көрінісі. Су жағасы. Ағаштар. Көшпелі өмір көрінісі. Реквизиттерге ерекше мән берілген. Мұның бәрі көрерменді сол ортада болғандай күйге бөледі. Сахнада шығармашылық ансамблдің сүйемелдеуімен шетелдік әндер де орындалды. Заманауи би де көптің көңілін көтерді.
Марғұлан Наменов, Қозы Көрпеш рөліндегі актер:
Бұл жолғы қойылымның ерекшелігі біздің пьеса бір ертегі әлемі сияқты. Ертегі әлеміне шарықтап кетеміз. Жалпы дайындық барысы екі ай он күн болды. Қарабайдың Қозыға берген уәдесі де 2ай 10 күн еді ғой. екі ай екі күндей өтіп кетті.
Премьераға жиналған қауымның қарасы қалың. Қозы мен Баянның махаббаты, қыздың әкесі Қарабайдың Қодарға күштеп қоспақ болғаны, ғашықтардың өлімі, баянсыз махаббат оқиғасының жаңа жанрына көрермен де жоғары бағасын берді
Жұмаділла Шәймерденов, көрермен:
Қазіргі заманға лайықтап жақсап шығарған. Режиссерға рахмет. Көріп отырып, көңілім босаған жерлерде бар. Сөздері өте тамаша.
Әсел Қадырова, көрермен:
Қойылым қай жағынан алсақ та тартымды. Трагедияны жеңіл түрде жеткізе біліп жатыр автор.
Осылайша актерлар 4 сағат бойы тікесінен тік тұрып, спектаклді жоғары деңгейде алып шықты. Премьераны тамашалаймын деушілер үшін театр есігі ашық.
Раушан Сайлауқызы