Елімізде 1500 астам ауыл таза сумен қамтылмаған. Алдағы уақытта тіршілік нәрінің тапшылығы тіпті өсуі мүмкін. Өйткені, өзен мен көліміз көп болса да, біз суды бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. Бұл туралы су саласын дамыту бойынша бүгін мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда айдылды. Жиында еліміздің су ресурстарын сауатты және тиімді басқару үшін арнайы министрлік құру ұсынылды.
Қазақстанда 17 мың өзен, 4 мың көл, 2600 мұздық және 4300- ден астам жер асты суларының кен орны бар. Бірақ, бұл су ресурстары республика бойынша біркелкі бөлінбеген. Сондықтан болар тіршілік нәріне әлі күңге дейін зәру болып отырған ауыл көп.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бес жылда қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Бірақ әлі 1 543 ауыл немесе 544 мың адам таза сумен қамтамасыз етілмеген. Демек, бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту қажет.
Соңғы 30 жылда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару бойынша ондаған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты. Дегенмен, суға қатысты шұғыл әрі біржола шешуді қажет ететін шаруа көп. Бірінші кезекте, заңнамалық базаны жетілдіру керек. Сол үшін қазір жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр.
Дүйсенғазы Мусин, ҚР ПарламентІ Сенатының депутаты:
72 рет өзгеріс енгізілген қолданыстағы Су Кодексінің нормалары саланың жүйелі дамуын тежеуде. Сондай-ақ, Гидротехникалық құрылыстардың басым көпшілігі авариялық жағдайда. Осы орайда, Қызылағаш су қоймасының трагедиясы үлкен сабақ болуы тиіс.
Жалпы, су тапшылығы дүниежүзі бойынша үлкен проблема. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір бесінші тұрғын судың тапшылығын көріп отыр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. Мәжіліс депутаттары су ресурстарын бір жерден ғана басқаратын жүйе енгізуді ұсынды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген, тіпті трансшекаралық су ресурстарымен сыртқы істер министрлігі де айналысып кетеді. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр.
Депутаттың пікірінше, су саласына жауапты болатын және Қазақстан атынан халықаралық деңгейде келіссөздер жүргізетін мұндай министрлік бізге де керек. Көрші елдермен траншекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану бойынша өзара тиімді ынтымақ орнату өте маңызды. Өйткені, еліміздегі кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігі осындай өзендермен тікелей байналысты.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Мамандардың болжауынша, 2030 жылға қарай еліміздің Оңтүстік аймақтарында су тапшылығы артады деп күтілуде. Бұл ретте Сырдарьяның 93 пайыз суы республикадан тыс жерлерден келетінін ескерсек, ең ауыр ахуал Арал-Сырдария бассейнінде қалыптасатын болады.
Қазірдің өзінде еліміздегі кейбір өңір халқының кенезесі кеуіп отыр. Ал басқа жерде тұщы су 30 жыл бойы далаға ағып жатыр. Бүгінде елімізде жойылу мен консервациялауға жататын 2 мыңнан астам гидрогеологиялық ұңғы бар. Ауыл шаруашылығы саласында суды үнемдейтін технологияны көбейтудің де маңызы зор. Жалпы, су саласында проблема жетерлік. Солардың бірі, кадр тапшылығы. 90-жылдардың басында салада 38 мың маман еңбек етсе, бүгінде 7 есеге кеміген.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Тура айтатын болсақ, біз су шаруашылығы үшін мамандар даярлау мәселесін құр сөз жүзінде қалдырдық. Көптеген жылдар бойы барлық жиналыстарда, тыңдауларда осы мәселені айтып келеміз, бірақ оның шешілетін түрі жоқ.
Отырысқа қатысқандар еліміздің су саласын жетілдіру бойынша ой-піклерлерін ортаға салып, проблемаларды шешу жолдарын айтты. Барлық ұсыныстар мұқият талданып, бірқатар тақырыптық заң жобалар аясында талқыланбақ.
Берік Көшербай