Еуроодақтың «Транскаспий» бағытына қызығушылығы жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуроодақтың «Транскаспий» бағытына қызығушылығы жоғары

16.06.2022

Еуроодақ Қазақстанмен транзит және көлік қатынасын нығайтып, «ТрансКаспий» халықаралық көлік маршруты арқылы алыс-берісті арттыруға ниетті. Бұл туралы Брюссельде өткен Орталық дәліздің мүмкіндіктерін талқылауға арналған басқосуда айтылды.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырған басқосуға Еуроодақ өкілдері, Еуропарламент депутаттары, саясаткерлер мен кәсіпкерлер қатысты.Қазақстандық делегация өкілдері отандық көлік саласының әлеуетін таныстырды.

Брюссельдегі жиынға Польша, Румыния, Швейцария секілді қарт құрлықтың 18 елінен 80-ге жуық кәсіпкер келді. Геосаяси жағдай ушыққалы олар Азиямен арадағы алыс-беріске алаңдаулы. Қазақстандық компаниялар Транкаспий халықаралық бағытын балама ретінде ұсынды. Орталық дәліз-Қытайдан Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың таптырмас алаңы.

Ерлан Қойшыбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК Логистика жөніндегі басқарушы директоры:

Осы бағыт бойынша қазақстандық экспорттаушылар да тауарын Еуропа нарығына тасымалдай алады. Орталық дәліз арқылы жылына 4-5 млн тонна жүк, 50-70 мың контейнер жіберуге мүмкіндік бар.

Орталық дәліз арқылы Қытайдан Еуропаға жүк 20 күнде жетеді. Транскаспийдің тез әрі тиімді екенін түсінгендер соңғы 5 айда тауар тасымалын 3,5 есеге көбейткен.

Харви Роуз, Еуропалық комиссияның мобильділік және көлік жөніндегі бас директоры:

Қазақстан теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет болғанмен құрлық арасын осы орталық дәліз арқылы жалғастыратынына сенімдіміз. Еуроодақ Орталық Азия мен Еуропа арасында тұрақты байланыс орнату үшін осынай маңызды дәліздердің болғанын құптайды.

Богуслав Либерадски, Еуропалық парламенттің көлік және туризм комитетінің мүшесі, еуродепутат:

Қазақстан – экономикасы дамыған, әлеуеті мықты мемлекет. Еуропа мен Азияны байланыстыру үшін қазақ тарапы ұсынып отырған Транкаспий маршруты өте маңызды. Еуропалық Одақ осы көлік дәліздерінің инфрақұрылымын дамытуға қаржы бөліп, тауардың шекаралардан кедергісіз өтуі үшін ұйымдастыру шараларына ат салысуға дайын.

Транскаспий маршруты арқылы тауар тасымалдаудың жай-жапсарын еуропалық компаниялар басқосудан соң бетпе-бет отырып талқылады. Қарт құрлық кәсіпорындары болашақта «Ақтау», «Құрық»порттарымен де ынтымақты бекемдеуге бейім.

Хабарламаларға жазылу