«Super bol!» жобасы жас таланттарды таңдайтын байқау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Super bol!» жобасы жас таланттарды таңдайтын байқау

13.06.2022

Ақтөбеде футболға әуес жастар көп. Оған «Супер бол!» бірегей футбол реалити-шоуының ұйымдастырушылары көз жеткізді. Себебі, таланттарды таңдауға арналған байқауға келгендер өте көп. Жоба «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Қазспорт» телеарнасында эфирге шығады. Мақсаты - теңбіл допты шыр үйіретін шеберлерді анықтау.

Ақтөбе ел футболының дамуына серпін беріп отырған өңірдің бірі. Қазақстандағы жанкүйерлер қозғалысы да алғаш осы қалада дамыды. 17 жастағы Нұрәділ кішкене күнінен ала допқа ерекше әуес. Ол қақпашы болуды армандайды. Бүгінгі кастингте ол өзін бар қырынан көрсетуге тырысты.

Нұрәділ Ғазизов, қақпашы:

Ең бірінші Игитадан басталды, Қазақстан құрамасындағы. Содан қақпашы болуды қатты қаладым. Сосын бір жағынан осы жерге Смақовтың өзі келіп жатыр, «Ақтөбе» командасының бұрынғы ойыншысы.

Бүгін тек Нұрәділ емес, орталық стадионға жиналған жастардың бәрі дерлік мамандарға ұнау үшін барын салды. Талап бойынша кастингке келгендердің жасы 16 мен 25 аралығы болуы керек. Дегенмен, 15 жастан енді асқан жас футболшылар да осал еместігін дәлелдеуге тырысты.

Нұрислам Сайымов, жас футболшы:

Сол жақ қорғаушы болып ойнаймын. 2007 жылғымын. Бұл кастинг туралы достарым айтқан болатын. Сосын ата-анаммен келіп, регистрация жасап, келдім. Алда егер, жолым болып жатса, үздік футболшы болуға тырысамын.

Жас таланттардың қарым-қабілетін Самат Смақов, Давид Лория сынды футбол мамандары бақылады.Кстингке қатысуға 700 бала өтініш бергенімен, белгісіз себептермен стадионға бүгін олардың тек жартысына жуығы ғана келді. Ұйымдастырушылар Ақтөбеде футболшы боламын деген жастардың мұнша көп болатынына күмән келтірмедік дейді.

Айдын Қожахмет, «Супер бол» реалити-шоуының креативті продюсері:

Ақтөбе үшінші облыс біздің тізімде.Осының алдында Семейде болдық, Павлодарда болдық. Семей мен Павлодарға қарағанда, Ақтөбеде бүгін 300 қатысушы, ол Семейден үш есе,Павлодардан екі есеге көп.

Бұл бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Ұйымдастырушылар еліміздің әр аймағынан 150 дарынды баланы іріктеп, Алматыдағы жиынға шақырады. Ол жерде ең үздің атанған 25-і Ұлттық құрама базасында жаттығады. Ал үздіктердің үздіктері кәсіби клубтармен келісім-шарт жасау мүмкіндігіне ие болады!

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу