Шығыс Қазақстан: Елдімекенде дұрыс емхана жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан: Елдімекенде дұрыс емхана жоқ

10.06.2022

Шығыстағы Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде емхана жоқ. Дәрігерлер науқастарды тұрғын үйдің екінші, үшінші қабатындағы тар кабинеттерде қабылдауға мәжбүр. Тұрғындар емхана мәселесінің талай жылдан бері шешілмей келе жатқанын осы ауданға әкімнің тұрақтамауынан деп есептейді. Олжас Керейхан мән-жайды анықтады.

Аудан тұрғындары емхана мәселесін айтып, ашпаған есік жоқ. Соңғы 5 жылда ауданда 5 әкім ауысқан. Әрқайсысы жаңа емхана салынатынына уәде береді. Бірақ халықтың өтінішін ешқайсысы орындамаған.

Асхат Жұмарғалиев, Герасимовка ауылының тұрғыны:

Әкімдер уәде береді. Саламыз, сөйтеміз, бүйтеміз, қатырамыз деп айтып кетеді. Бір-бірімен ауысып жатады. Болды. Ол әкімдердің түгі кетіп жатқан жоқ. Қиналып жатқан халық.

Қиналып жүрсе де науқастар осы емханға келеді. Тек Қасым Қайсенов кенті емес, Ұлан ауданына қарасты он шақты ауылдың тұрғыны да осы жерде қыстырлып-қымтырылып жүр. Ереже бойынша аурухананың көлемі 2 мың шаршы метрден кем болмау керек. Мұнда 200 шаршы метрден аспайды.

Мүшел Батталова, Қайсенов кентінің тұрғыны:

Ешқандай жағдай жасалмаған ауруларға. Пандемия болғанда дәлізде бір кісіге бір кісінің мұрны тиіп тұрды. Күндізгі стационар болған, оны алып тастады. Жататын орын жоқ. Ешқандай жағдай жоқ. Алады да қалаға жібереді. Қалаға әркімнің жағдайы келе бермейді.

Дәрігерлер науқастарды мәжбүрліктен жіберетінін айтады. Емханадағы 8 дәрігер күн сайын 200-ге жуық адамды қабылдап үлгермейді.

Гаухар Сүлейменова, Аудандық дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі:

Бізде 6792 адам тіркеуде тұр. Ғимараттың тарлығына байланысты көптеген науқастарды қалаға жіберуге мәжбүрміз. Өйткені, мұнда рентгендік зерттеулер жоқ. Ултра дыбыстық тексерулер жоқ. Жаңадан аурухана салынса одан әрі ұмтыла жұмыс істеуге дайынбыз. Мемлекеттен жаңа аурухана сұраймыз.

Қуат Оқасов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл мәселені жақсы білеміз. Тұрғындарға қиынға соғып жүргенін де түсінеміз. Жобалық-сметалық құжат әзірленді. Сараптамадан өтті. Жер бөлінді. Тиісті қаржы бөлінсе, 2023 жылы 150 орындық емхана салынады.

Жобалық құжаты әзірленгенімен құрылысқа қажет қаражат қашан және қанша бөлінетіні әлі белгісіз. Ал тұрғындар ауданда 2023 жылы жаңа емхана салынады дегенге сенбей отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу