Шығыс Қазақстанда мал өрісі жекенің қарамағына өтіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда мал өрісі жекенің қарамағына өтіп кеткен

10.06.2022

Шығыстағы Глубокое ауданы Белокаменка ауылының малы жайылымсыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, мал өрісін әлдекімдер заңсыз иеленіп алған. Оны аудандық прокуратура да растап отыр. Ал аудан әкімдігі жеке біреудің иелігіне өтіп кеткен жайылымдық жерді қайтаруға қауқарсыз.

Ауыл маңында өріс болмаған соң тұрғындар малын орман мен тау-тастың арасындағы аядай аумаққа бағуға мәжбүр. Бұл аумақ жер реестрінде жайылым ретінде көрсетілген.

Зақырлан Райысов, бақташы:
Мынау жайылым емес. Бұрын болған. Ал қазір бәрі өсіп кеткен. Мұнда мал жая ма? Кірсе де, таба алмайсың.

Андрей Виберттің жайылым мәселесін шешу үшін қақпаған есігі қалмаған. Прокуратураға хат та жазған.

 Андрей Виберт, Белокаменка ауылының тұрғыны:
 Ауыл маңындағы егіс алқаптары бұрын жайылым болған. Жүз он гектар жер ауылдық округ әкімінің шешімімен егістікке берілген. Прокуратура 7 учаскеге егіннің заңсыз егіліп отырғанын анықтады. Одан бері міне екі жыл өтті. Еш өзгеріс жоқ. Естуімше, аудан әкімдігі бұл аумақтарды қайтару жұмысын енді бастапты.

Жұмыс басталғанмен жер беріліп қойған. Алайда аудан әкімі дәл қазір жерді бірден қайтаруға мүмкіндік жоқ деп, отыр.

 Эльдар Тұмашинов, Глубокое ауданының әкімі:
Құжатта жайылымдық жер деп көрсетілген. Бірақ ол жайылымға жарамайтынын көріп отырмыз. Міне, мына шаруа қожалығының басшысында 3,7 гектар жер бар. Бұл алқапты жайылымға беруге дайын. Біз оған дәл сондай көлемдегі жер участогін тауып береміз. Басқа аумақтар бойынша мәселені шешу жолдарын тағы қарастырамыз.

Аудандық жер қатынастары бөлімі ауыл маңындағы алқапты түгел жер қорына алу қажет дейді. Одан соң мемлекеттік меншікке берілмек. Оған дейін ауыл тұрғындары малын бұрынғы өріске баға тұруға тура келеді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу