Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы бірінші орынбасарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы бірінші орынбасарымен кездесті

09.06.2022

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммедті қабылдады. Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, пандемияға қарсы іс-қимыл және гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Амина Мұхаммедтің бұл сапары еліміздің тарихындағы бетбұрыс кезең – жалпыұлттық референдум өткізумен тұспа-тұс келгенін айтып, референдум қорытындылары Жаңа Қазақстанды құру ісіне кірісуге мүмкіндік беретінін айтты.

Сондай-ақ, Президент көпжақтылық қағидат пен халықаралық дипломатияны қалыптастырып, дамытуда дүниежүзілік ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға бейілді екеніне тоқталып, оның жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі күн тәртібін толық қолдайтынын жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі заманның күрделі сын-қатерлері жағдайында орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін кезек күттірмейтін және ауқымды шаралар қабылдау маңызды. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан тарапынан бірқатар нақты шаралар қабылданып жатыр. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін жою жөніндегі Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру ісіндегі өзіңіздің көшбасшылық қасиетіңізді жоғары бағалаймын.


Хабарламаларға жазылу