Ресейде оқитын қазақстандықтар елдегі кадр тапшылығын жоюға үлес қоспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде оқитын қазақстандықтар елдегі кадр тапшылығын жоюға үлес қоспақ

08.06.2022

Ресейдің Астрахань облысындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер елдегі кадр тапшылығын жоюға үлес қоспақ. Маңызды салалардың тізгінін ұстауға бекінген жастар оқуды аяқтаған соң әсіресе ауылға баруды көздеп отыр. 

18 жастағы Балқиялдың Ресейде білім алып жүргеніне биыл екінші жыл. Дәрі-дәрмектің сапасын және құрамын тексеретін әдіске жаңалық енгізгісі келеді. Ол үшін тынбай зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Келесі жылы жобасын қорғайды. Талапты жастың мақсаты айқын. Ауыл медицинасының әлеуетін көтеруді көздейді. Өзі оқитын университетте елден барған тағы 200-дей студент бар.

Балқиял Ахметова, медицина университетінің студенті:

Мүмкін тағы да ординатураға, аспирантураға түсетін болармын. Бірақ түпкі мақсатым – Қазақстанға барып қызмет ету. Өзім туып-өскен Құрманғазы ауылында дәрігер жетіспейді. Сол дәрігер тапшылығын толтыру үшін осы университетке түстім.

Ал Бексұлтан санаулы күндерден кейін жалпы тәжірибелі дәрігер мамандағын алады. Бірақ оның мұнымен шектелгісі жоқ. Енді ординатураға аяқ баспақ. Оқудағы 6 жылдық ізденісінде жіті респираторлы вируспен ауратын науқастарға эпидемиологиялық зерттеу жүргізіп, ғылыми жобасы халықаралық дәржедегі беделді басылымға енді.

Бексұлтан Бақтыгереев, медицина университетінің 6 курс студенті:

Мен болашақта кардиолог мамандығын таңдаймын деп отырмын. Оқуды аяқтағаннан кейін елге ораламын деген жоспар бар.

Миллат – мұнай саласының инженері атанбақ. Елдегі қара алтын секторының дамуына үлес қосқысы келеді. Мақсаты асқақ жалынды жасты, өндірістік жұмысты жетік меңгерген отандық кадрлардың қомақты жалақы үшін шетел асатыны алаңдатады.

Миллат Шағидуллин, технологиялық университетінің студенті:

Әрине, өз еліме оралғым келеді. Елімнің, жерімнің дамуына үлесімді қосқым келеді. 

Атырауға 200-ден астам дәрігер қажет. Биыл астраханьағы жоғары оқу орнынан 50 қазақстандық түлек қанат қағады. Оларды өңірдегі емдеу мекемелеріне жұмысқа орналастыру жоспарда бар.

Зульфия Жұлдызбаева, медицина университетіндегі қабылдау комиссиясының меңгерушісі:

Жақында атыраулық әріптестермен сөйлестім. Емдеу орындарына маман сұратып жатыр. Екі ел арасындағы келісім негізінде егер біздің түлектер Қазақстанға жұмыспен барамын десе, жол ашық.

Астраханьда Атыраудан барған 300-ден астам студент бар. Олардың дені медицина бағытында білім алып жатыр. Жергілікті билік кадр тапшылығын жою үшін биыл 40 шақты дәрігерге сұраныс беріп отыр. Ендігі қалау түлектерде.

Жандос Темірғали, Өнербек Жаңабай

Хабарламаларға жазылу