18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының барлығы ұлтына және нәсіліне қарамастан референдумда дауыс берді. Енді сол референдум нәтижесі қалай шығарылады? Заңдарды өзгертуге қанша уақыт керек?
Референдумнан кейін халықта жаңа конституция қашан күшіне енеді, өзгерістерді қашан көреміз деген заңды сұрақ туындайды. Референдумның нақты қорытындылары жетi күннің ішінде жариялануы шарт. Конституциялық өзгерістер референдумның қорытындылары туралы ресми хабар шыққан күннен бастап күшiне енедi. Ол үшін президенттің немесе мемлекеттiк органдардың қаулы-қарарын қабылдаудың қажеті жоқ.
Аян Сакошев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Шешім нақты шыққаннан кейін бұл өзгерістер қабылданды деп саналады. Оған парламенттің, президенттің, үкіметтің шешімдері қажет емес. Тек қана референдумның нәтижесі бар. Соның аясында енгізілді деп саналды.
Ал референдумның шарттары мынадай. Заң бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады. Дауыс беруге қатысқандардың басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап дауыс берсе, оң шешiм қабылданады. Сосын конституциялық заңда тағы бір тармақ бар. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі - делінген заңда.
Конституциядағы өзгерістердің қашан күшіне енетінін нақтыладық. Енді конституциялық заңдар, нормативтік құжаттарды өзгерту керек. Оның ішінде сайлау мәселесі, жергілікті өкілетті органдарға қатысты анықтамалар бар. Бұл депутаттардың алдында тұрған міндет.
Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:
Бұл тек қана конституциялық өзгеріс. Одан ары қарай жұмыс артады. Менің ойымша осы жылдың аяғына дейін толығынан конституциялық заңдар, жай заңдар, құқықтық-нормативтік актілер қабылданып бітеді.
Референдум өтті. Енді конституциядағы өзгерістерді жүзеге асыру үшін тағы 20 шақты заң қайта қаралады. парламент ол құжаттарды жыл соңына дейін қабылдауы тиіс.
Саламат Омаш