Референдум-2022: Еңбек ұжымдары ұйымшылдық танытты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдум-2022: Еңбек ұжымдары ұйымшылдық танытты

06.06.2022

Елімізде референдумға қатысып өз таңдауын жасауда еңбек ұжымдары айрықша белсенділік танытты. Қостанай облысында құс фабрикасының жұмысшылары қауырт еңбектің арасында үзіліс жасап, дауыс беруге барды. Сондай-ақ Қызылорда облысының футбол командасы мен Атыраудың мұнайшылары да референдумға ұжым боп, ұйымдасқан түрде қатысты.

Жуков ауылындағы құс фабрикасы аптаның барлық күндері демалыссыз жұмыс істейді. Себебі жұмыртқаны жарып шыққан соң балапандар әбден өсіп жетілгенше тәулік бойы күтім керек. Одан әрі сою цехына жіберіледі. Бұл жерден жылына 2 мың тонна ет өнідіріледі. Фабрикада бірнеше ауысыммен 85 адам еңбек етеді. Референдум күні жұмысшылар азаматтық борышын орындау мақсатында үзіліс кезінде дауыс беру учаскесіне беттеді.

Анар Тыныштықова, құс фабрикасының жұмысшысы:

Бүгінгі күн бәрімізге де өте маңызды. Референдумда дауыс беруге кеп тұрмыз. Бала-шағаның болашағы үшін үміттенеміз. Бәрі жақсы болады деп.

Қызылорданың «Қайсар» футбол командасы қазір ел біріншілігіне дайындалып жатыр. Әйтсе де спортшылар жаттығу арасынан уақыт тауып, ел үшін маңызды науқанда өз таңдауын жасады. Осылайша клуб ойыншылары тек футбол алаңында ғана емес, қоғам өмірінде де белсенділіктерін көрсетті.

Мақсат Байжанов, «Қайсар» ФК капитаны:

Бүгін «Қайсар» командасымен ұжым болып келіп, өзіміздің таңдауымызды жасадық. Еліміздің жарқын өмір сүруі үшін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Атырау облысындағы Теңіз мұнай кенішінде дауыс беруге арналған 19 көшпелі пункт жұмыс істеді. Ауысымдағы қызметкерлерден 10 мыңға жуық өтініш түскен. Олардың дені еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары. Әйтсе де таңдау жасау үшін жергілікті учаскелерінен есептен шығару куәлігін алып келіпті.

Қамбар Қазбөлек, теңіз кенішінің жұмысшысы:

Теңіз қалашығындағы Шаңырақ вахталық поселкесінде адамдарға дауыс беруге барлық жағдай жасалған. Болашақта өсіп келе жатқан балаларымызға, ұрпағымызға, жақсы өзгерістер қолжетімді болсын деп, осындай дауыс беруге келіп жатырмыз.

Аталған үш облыста дауыс беру құқына ие тұрғындардың 70-80 пайызы референдумға қатысып өз таңдауын жасаған. Бұл несібесін адал еңбектен тапқан саналы азаматтардың ел тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетеді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу