Шетелдік БАҚ: Референдум нәтижесінде Парламенттің пәрмені артып, Президент қолында болған билік тетіктерінің кейбірі заң шығару органының құзырына өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік БАҚ: Референдум нәтижесінде Парламенттің пәрмені артып, Президент қолында болған билік тетіктерінің кейбірі заң шығару органының құзырына өтеді

05.06.2022

Елімізде өтіп жатқан референдум әлем ақпарат құралдарының да назарында. Солардың қатарында – түріктің «Анадолы» агенттігі де бар. Олардың хабарлауынша, бүгін қазақстандықтар мемлекет басқарудың жаңа үлгісін ұсынған конституциялық реформаға дауыс беріп жатыр. Және де түркиялық ақпарат құралы ата заңды өзгертуге бағытталған референдумға 11 миллион 700 мың адамның тіркелгенін атап өтті.

Осы тақырып жайлы Британияның «Рейтер» агенттігі де хабар таратып жатыр. Оның дерегінше, бұл референдум нәтижесінде парламенттің пәрмені артып, президент қолында болған билік тетіктерінің кейбірі заң шығару органының құзырына өтеді. Сонымен қатар, «Рейтер» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дауыс бергенін және «мемлекетке террористік шабуыл жасағандарды» тергейтін комиссия құрылатынын жариялады деп хабарлады.

Қазақстандағы референдум - Катардың «әл-Жазира» телекомпаниясының да назарынан тыс қалған жоқ. Оның хабарлауынша, конституцияға өзгеріс енгізілсе, Қазақстанда шешім қабылдау орталықсыздандырылып, Парламентте әртүрлі саяси топтардың көбірек өкілдік етуіне жол ашылады.

Арыстанбек Рысбек

Хабарламаларға жазылу