Үш күннен соң Қонаев қаласына Алматы облысының орталығы мәртебесін беру туралы жарлық күшіне енеді. Шаһар тұрғындары бұл өзгеріс игі істерге бастайды деп үміт артып отыр. Бүгінде Қонаев пен оған қарасты екі ауылдық округте 46 мыңға жуық дауыс беруші тіркелген.
Қонаев қаласындағы референдум учаскелерінде таңнан мерекелік көңіл-күй сезілді. «Нұр-Қамқор» ұлағатты әжелер ансамблі бастаған топ дауыс берушілерге әннен шашу шашты.
Алтынкүл Монтаева, «Нұр-Қамқор» әжелер ансамблінің жетекшісі:Референдум бізге үлкен той сияқты. Халықтың бәрі шат көңілді. Осы халқымыздың көңілі көтерілсін деп, жақсы көңілде, қуанышта болсын деп өзіміздің әнімізді сыйға тартып, аралап жүрміз.
Қала тұрғыны Сұраншы Мамеков таңнан жолдасын ертіп дауыс беруге келді. Көпті көрген ақсақал осы референдумнан кейін жақсы өзгерістер боларына сенеді. Айтуынша, халық шешкен іс келте болмайды.
Сұраншы Мамеков,Қонаев қаласының тұрғыны:Ата заңымызға енгізіліп жатқан өзгерістерді біз қолдаймыз.
Қонаев қаласының тұрғыны Артур да отбасын ертіп дауыс беруге келді. Әйелі екеуі де зағип жандар.Соған қарамастан үйде отырмай өз таңдауларын жасады.
Артур Матвиенский, Қонаев қаласының тұрғыны:Бүгін мен үшін бір ерекше күн. Ауа райы да керемет. Әділдік орнап, өзгеріс боларына сенеміз. Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеруі де бір марқайтып тастады.
Байқаушылардың сөзінше, Қонаев қаласының аумағы бойынша дауыс берушілер құқығына қарсы келетін фактілер тіркелген жоқ. Таңнан 33 референдум учаскесі жұмыс істеді. Кешкі жетідегі жағдай бойынша халықтың 70 %-ы өз таңдауын жасаған.
Қуан Нұрақын