Қазақстанда референдумға қатысуға құқылы 12 млн-ға жуық азамат бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда референдумға қатысуға құқылы 12 млн-ға жуық азамат бар

05.06.2022

Бүгінгі шарада аға буынның белсенділігі жоғары. Алматы облысында 100 жастағы Зейнелхан Оспанова алғашқылардың бірі болып дауыс берді. 12 құрсақ көтерген алтын алқа иегері саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандардан қалыс қалмаған. Қарағанды облысында да екі ғасырдың куәсі, соғыс ардагері бірінші болып референдум учаскесіне келді.

Дәстүр бойынша алғашқы дауыс берушіге сыйлық табысталды. Зейнелхан Оспанова соңғы 30 жылдағы барлық сайлау мен референдум есінде қалғанын айтады. Ғасыр жасаған әже жастарға үлгі болып, мемлекеттің іргесін нығайту бағытындағы өзгерістерден қалмауға тырысамын дейді.

Зейнелхан Оспанова, Жаркент қаласының тұрғыны:

Ұрпақтарым аман болсын! Артымыздағы жастар аман болсын! Жаркентіміз көркейе берсін, жақсарып. Қазақстанымыздың жақсы бір азаматтары болып өссін! Жастарымыз аман болсын! Өсе берсін! Қазағымыздың санын көбейте берсін!

100 жасқа аяқ басқан қарағандылық соғыс ардагері Бүркіт Есжанов пен зайыбы Күмісжан әжей де бірінші болып референдум учаскесіне келді. Қос ғасырдың куәгері өз таңдауын жасады. Жалпы өңірде 900 мыңдай адам дауыс беруге қатыса алады, 777 учаске жұмыс істейді

Бүркіт Есжанов, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері:

Саяси науқанның басында болмаса да бел ортасында жүріп, деп уақытта жастарды тәрбиелеу жөнінде аянбай қызмет етіп келе жатырмыз. Берік болыңдар, мығым болыңдар, ұйымшыл болыңдар!

Саяси науқанға Абай елінің тұрғындары да белсенді қатысып жатыр. Жалпы қала мен оның маңындағы ауылдарда 149 референдум учаскелері бар. Өңір бойынша 900 мыңдай адам дауыс бере алады. Солардың бірі қалалық маслихаттың ең жас депутаты Еркебұлан Тұрсынов.

Еркебұлан Тұрсын, қалалық мәслихат депутаты:

Жалпы Семей жастары ерекше белсенді. Көңіл-күйлері көтеріңкі деп айтуға болады. Өйткені Президенттің Абай облысын құру туралы жарлығы міне санаулы күндерден кейін күшіне енбек. Менің достарыммен, құрдастарыммен жүздескенде бәрінің айтатындығы, болашақ Абай облысының дамуына қызмет еткілері келеді. Құлшыныстары жоғары. Өзге қалларда жүрген достарым көшіп келіп, жаңа облыстың дамуына қызмет еткісі келеді.

Қазақстанда референдумға қатысуға құқылы 12 млн-ға жуық азамат бар. 10 мыңға тарта референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.

Эльмира Қаленова

Хабарламаларға жазылу