Ата заңға қатысты референдум екінші рет өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата заңға қатысты референдум екінші рет өтіп жатыр

05.06.2022

Ата заңға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум тарихымызда екінші рет өтіп жатыр. Бас құжатты алғаш рет халық дауысына салу 1995 жылы 30 тамызда өткен болатын. Жалпы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Конституция 1993 жылы сол кездегі Жоғарғы кеңесте қабылданды.

1995 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет екі жалпыхалықтық референдум өтті. Бірінші науқан 29-сәуірде жүзеге асып, сол кездегі Президенттің өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Екіншісі – Ата заңға қатысты. 1995 жылғы жаңа Конституцияны жасауға Жоғарғы кеңес қатысқан жоқ. Себебі дәл осы кезде бір палаталы орган тарап кеткен. Бас құжатты қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум 30 тамызда өтті. Оған сайлау құқығы бар азаматтардың 90 пайызы қатысты. Жаңа заңды 7 млн-нан астам қазақстандық қолдап, дауыс берді.

Бұған дейінгі Ата заңда Президент тек қана заңдарға қол қоятын, мемлекеттік бағдарламаларды бекітетін және елде төтенше жағдай жариялай алатын. 1995 жылғы референдумнан кейін еліміз президенттік республикаға айналды. Екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Парламент өкілетінің біразы Президент пен Үкіметке өтті. Конституциялық және Арбитраж сот жұмысын тоқтатты. Елде тек Жоғарғы сот қалды. Сонымен қатар Вице-Президент қызметі жойылды.

Араға 27 жыл салып Ата заңға қатысты жалпыхалықтық референдум тарихымызда екінші рет өтіп жатыр. Бұл – демократиялық жүйенің бір көрінісі. Бетбұрысқа бастар белес, кемел келешектің көкжиегі.

Дарын Сағитов 


Хабарламаларға жазылу