Ұлттық спорт түрлерін дамыту басты назарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық спорт түрлерін дамыту басты назарда

04.06.2022

Теңге ілу – жауынгерлік өнердің жалғасы. Бұрын жорықта қолданса, қазір ұлттық спорт. Биылғы сайыс ережесі сәл басқаша. Іріктеу сынында теңгелер 5, ал ақтық кезеңде 7 жерге қойылады.

Төрехан – елдегі теңге ілу жарысынан үздіктердің бірегейі. Тұлпары Бойко былайғы кезде қыңыр мінез көрсетсе де, жарыста жайлы. Түзу шабады.

 Төрехан Бақытжанов, теңге ілуден спорт шебері:
Мінезі шатақ болғандықтан атын Бойко деп қойдық. Кейде тыңдамай жатады, сосын еркелетесің. Сәбізін әкеп бересің, қант бересің. Жуындырасың, тазалайсың, ойнатасың. Бұл да адам сияқты ғой, мінезі болады.

Қазақ – жылқы мінезді халық. Содан ажырап қалмас үшін қазанат тұқымын түлету керек. Ол Қостанайда бар. Алайда аз, 50-ге шамалас. Ал қазанат – көкпарға да, шабысқа да, тіпті жорыққа да бейім. Әлемдегі атақты сәйгүліктер сияқты біздің брендті қалыптастыру маңызды.

Самат Ерғалиев, ҚР спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы:
Қазақстанда қаншама ат зауыты болды. Сол зауыттардың қазіргі таңда ешқайсысы қалмады. Былтырдан бері Қостанай жылқысын жандандырып жатыр. Алдағы уақытта сол Қостанай жылқысы әлемдік деңгейде ұлттық кодымызға, ұлттық брендімізге айналады деп сенемін.

Айқайлап, пай-пайлап алдымен тай жарысы басталды. Соңы құйындатқан құнан бәйгеге жалғасты. Қазір шын жүйрігі олжалы болғанымен, бабына келгенде осалдық бар. Ат сейісі жас жаттықтырушылар мектебін көбейткен жөн дейді. Өйткені, тұлпар табылса да, күтімі әлсіз болса тез мертігеді.

Мұрат Өсербаев, республикалық «Бәйге» федерациясының вице-президенті, атбегі:
Қазір ыстық боп қалды. Ыстық кезде аттың қабырғасын ашу керек, сүбеде май қалмау керек. Жалын босату керек. Сондай дайын ат көбіне сынбайды. Аттың спорттық карьерасы бұрын аттар 1-3 жылға, 5 жылға дейін баратын. Қазір ондай аттар өте аз.

Жамбы ату және теңге ілуден чемпионат 18 маусымға дейін жалғасады. Бүгін ересектер арасында басталды. Сосын жастар мен жасөспірімдер сынға түседі. Жүйріктің бабы келіссе, бағы да жанады.

Хабарламаларға жазылу