Елдегі барлық учаске ертеңгі саяси науқанға дайын. Қазақстанда 10 мыңнан астам референдум учаскелері жұмыс істейді. Бүгін дауыс беру орындарының соңғы тетіктері пысықталды. Бас қаладағы учаскелердің дайындық барысы тілші сюжетінде.
Ертең таңғы сағат 7:00-де әнұран шырқалып, елдегі барлық референдум учаскелерінде дауыс беру басталады. Қолыңызда жеке куәландыратын құжаттың болуы маңызды. Сол арқылы бюллетень беріледі. Оны алғаннан кейін кабинаға кіріп дауыс бересіз. Сосын бюллетеніңіз жәшікке салынады. Соңғы қадам осы.
Бақыт Бектемісова, қалалық референдум комиссиясының төрайымы:
Қала бойынша дайын тұрған 148 учаске бар. Оның 248-і азаматтардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша, 35-і уақытша болу орындарында, ол ауруханалар, изолятор, әскери бөлімшелерінде және 65 учаске шетелдегі елшіліктердің жанында орналасқан.
Учаскелердің бәрі бірдей безендірілген. Бәрінің талабы бірдей – таңғы сағат 6:30-да мына урналардың бәрі пломбаланады. Ал кешкі сағат 20:00-де бәрі түгенделгеннен кейін комиссия дауыс қорытындылауға кіріседі. Дәл осы учаскеде болады, ешқайда шықпайды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың референдумға қатысуын қамтамасыз ету үшін арнайы пандустар бар, сурдоаудармашылар мен инватакси қызметі қарастырылған. Қандай да бір себеппен дауыс беру орнына келе алмайтын азаматтарға жылжымалы урна үйге жеткізіледі.
Біз дәл қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы нөмірі 110 референдум учаскесіндеміз. Қала бойынша олардың мынадай нұсқаулықтары орнатылған. Мұнда да саяси шараға дайындық жұмыстары пысықталып жатыр.
Бақыт Бектемісова, қалалық референдум комиссиясының төрайымы:
Референдумға 1-2 күн қалғанда тіркеліп жатқандар бар. Егер осы учаске тізімінен табылса, ол қосымша тізімге қосылады да, дауыс бере береді. Тағы бір айтып кететін жайт, кабиналарға кірген кезде суретке түсіруге мүлдем болмайды. Ал есту қабілеті нашар жандар материалдық-техникалық база толығымен қамтамасыз етілген. Құлаққап бар, ноутбук орнында. Дауыс беру процесімен танысуға мүмкіндік бар.
Ел аумағында барлығы 10 013 учаске жұмыс істейді. Республика бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ұсынған мәліметтер мен есептерге сәйкес, тізімдерге 11 млн-нан астам азамат енгізілді.
Референдумға байланысты тұрғындардың өтініштері 109 нөмірі арқылы қабылданады. Барлық өңірлерде колл орталықтар жұмыс істеп тұр.