Өңірлердегі барлық дауыс беретін учаскелер республикалық референдумға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлердегі барлық дауыс беретін учаскелер республикалық референдумға дайын

03.06.2022

Өңірлердегі барлық дауыс беретін учаскелер республикалық референдумға дайын. Барлық комиссиялар алда өтетін маңызды науқанға ерте қамданып, негізгі іс-шараларды алдын ала пысықтап алған. 

Қарағанды облысында 777 референдум учаскесі тас-түйін дайын. Оның 179-ы облыс орталығында орналасқан. Барлығында материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Тұрғындар өздерін референдумға қатысушылардың тізімінде sailau09.kz және e-krg.kz онлайн-сайттарында тексере алады. Сайттар көру қабілеті нашар адамдар үшін де қолжетімді. Сонымен қатар, Senim109 бірыңғай үйлестіру орталығына қоңырау шалуға болады. Операторлар қай учаскеде дауыс беру керектігін және ол қай жерде орналасқанын айтады.

Индира Смайылова, Қарағанды қаласы №60 референдум учаскесінің өкілі:

Қазіргі таңда барлық дайындық жұмыстары атқарылып, өз мәресіне жетті десек болады. Ешқандай кедергі жоқ. Компьютер бар интернеті қосылған, сондай-ақ лупа, трафарет, көздері нашар көретін, басқа да мүгедек адамдарымызға барлығы қамтамасыз етілген.

Маңғыстау облысындағы дауыс беру учаскелері де саяси шараға сақадай сай. Өңірде 231 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Барлығы да күнтізбелік жоспарға сай жұмыстарын ұйымдастырып қойған. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы кабиналар жасалған. Ал, келіп дауыс бере алмайтындарға комиссия мүшелері көшпелі урналарды апарады. Жалпы облыста 405 мың 62 адам дауыс беру құқығына ие.

Елубай Әбілов, Маңғыстау облыстық референдум комиссиясының төрағасы:

Көзі көрмейтін азаматтар үшін трафареттер және сурдопереводтар және аудиодискілер бар. Ол кісілерге арнайы комиссия мүшелері сол жерге ұйымдастырады. Қазіргі уақытта біздің учаскелік референдум комиссиялары 5-ші маусымда өтетін референдумға толық дайын. 

Ал, Шымкентте 316 референдум учаскесі жасақталған. Оның 18-і жабық мекемелерде орналасқан. Қазір рефрендум комиссиялары дайындық жұмыстарын толық аяқтап, атқарылған істерді қайыра пысықтап жатыр. Респубикалық референдумды өткізуге байланысты шаһарда тексеру сервисі мен Call орталығы іске қосылған. Дауыс беру құқығына ие азаматтар енді сол арқылы өздерінің тізімде бар-жоғын алдын ала анықтай алады.

Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:

Шымкент қаласында 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Сондықтан әрбір 298 ашық учаскеде арнайы жолақтар, кабиналар, бұрыштар, құлаққап, трафареттер және лупалар орналастырылған.

Семей қаласы мен оған қарасты ауылдарда референдумда жұмыс істеуге толық дайын. Өңірде 149 учаске құрылған. Комиссия мүшелері арнайы дайындықтан өткен. Дауыс беретін орындар барлық талаптарға сай жабдықталған. Дауыс жәшіктері, учаскенің нөмірі жазылған, белгілер ілінген.

Нәзигүл Ғазизова, № 234 референдум бойынша учаскелік комиссия төрайымы:

Референдум бойынша учаскелік комиссия арнайы оқудан өттік. Тест тапсырдық. Нормативтік құжаттардың барлығымен талқылап танысып шықтық. Енді осы референдумды өткізуде заңға сәйкес әрекет жасаймыз.

Ал, елорадада барлығы 283 учаске ашылатын болады. Референдум комиссиялары өз учаскелерін жіті тексеріп, маңызды науқанға барынша дайындалып жатыр. Жауапты өкілдер учаскелердің көбінде әзірлік жұмыстары бір-екі апта бұрын басталғанын айтады. Бюллетень тастайтын жәшіктер қойылып, барлық жиһаз әкелінген.

Дина Сейіл, Қалалық №314 референдум учаскесінің комиссия мүшесі:

Біз толықтай дайынбыз деп есептейміз. Өйткені екі апта бұрын бізге бүкіл кабинкаларды орнатып, бүкіл оформлениемізді беріп, біз толықтай дайынбыз. 

Айтап кетейік, референдум маусымның 5-і күні өтеді. Таңдау жасау таңғы 7-ден басталып, кешкі 8-ге дейін жалғасады.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу