БҚО-да биыл 120 шақырым жол салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да биыл 120 шақырым жол салынады

03.06.2022

Батыс Қазақстан облысында құрылысы кешігіп, Президент сынына іліккен Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарындағы жолдардың жайын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев арнайы барып көрді. Биыл «Казталов-Жәнібек-Ресей шекарасы» мен «Өнеге-Бисен-Сайқын-Ресей» бағытындағы трассаның 120 шақырымына асфальт төселмек. Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол құрылысы үш жыл бұрын басталған болатын. Былтыр аяқталуы тиіс еді. Алайда түрлі себептермен жоспар орындалмады. Былтыр тек 55 шақырымы пайдалануға берілді. Министрдің айтуынша, қазір материал тасу үшін вагон тапшылығы мәселесі шешіліп, құрылыс қарқын алған.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Биыл былтырғы бітірген жолмен қосқанда, 174 шақырым жолды көлік өтетіндей жағдайға жеткізуге тырысып отырмыз. Оны бітіруге дайынбыз. Қалған 60 шақырым жолды келесі жылы толығымен аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы толығымен орындалады.

Бұдан соң министрдің жұмыс сапары Атырау облысында жалғасты. Ол «Атырау-Астрахань» бағытындағы жол жөндеу жұмысымен танысты. Құны 87 млрд теңге болатын 277 шақырымдық автомагистральдің 60 шақырымы ел игілігіне берілді. Қалған 217 шақырымы келер жылы аяқталмақ.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу