Президент: Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріліп бюджеттен қаржыландырылатын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріліп бюджеттен қаржыландырылатын болады

01.06.2022

Еліміздегі Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріліп, бюджеттен қаржыландырылады. Бұл туралы академияның сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы мәлімдеді. Президент, ең алдымен, ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтап, еліміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға деп атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев алда өтетін референдумға қатысты пікір білдірді. 

Өзгерген заманда бұрынғы жетістіктерге марқайып отыруға болмайды. Осылай деген мемлекет басшысы ғалымдарға жаңа міндет жүктеді. Қазір елде небары 22 мыңнан аса ғалым бар. Өйткені жалақы аз, жұмыс тұрақсыз. Енді Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі. Қара шаңырақ бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұдан былай арнаулы гранттар, стипендия мен сыйлық тағайындау құзыреті де академияға табысталып отыр. Бастысы – ғылымға адалдық. Президент академияны мансап қуып, ғылымға кездейсоқ келгендерден сақтау керегін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Оның жолдарын жан-жақты ойластырған жөн. Академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет. Жұрт ұйымға мүше болу рәсімдерін және оған үміткерлерді толығымен біліп отыруға тиіс.

Қазақстанда тың зерттеулер жүргізіп, технологияны дамыту үшін арнайы орталық қажет. Мұндай институттар Оңтүстік Корея мен Жапонияда бар. Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керегін айтты. Жемқорлыққа жол бермеу үшін саладағы барлық жүйені тез арада цифрландыруды тапсырды. Қоғамда қазір мемлекеттік тудың мәртебесіне қатысты да пікір сан түрлі. Президент туды пайдалану тәртібін қайта қарап, тиісті заңдарға өзгерту енгізуге болатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әсіресе жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті Көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – Туын әрқашан биік ұстаған Елміз. Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес».

Реформа Президент өкілеттігін арттыру үшін емес, қоғамның мүддесі үшін жасалады. Қасым-Жомарт Тоқаев алда өтетін референдумға қатысты осылай деп пікір білдірді. Өйткені қазір қоғамның бұған қызығушылығы жоғары, саяси өзгерістерге бей-жай қарамайтын азаматтар бар. Демек, халық алдағы реформаға үлкен сенім артып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менен ел ішінде де, шетелде де Мемлекет басшысы өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға, басқаша айтқанда, президенттік өкілеттікті қайта бастауға қамданып жатыр ма деп сұрайды. Менің жауабым біреу-ақ, мұндай ниет болған емес, болмайды да. Ұсынылған саяси жаңғырту бағдарламасы мазмұны жағынан өте ауқымды. Бірақ басты назар Адам құқықтары мен бостандығын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге, билік институттарының тиімділігін арттыруға аударылды.

Президент Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиыннан кейін академик Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейін аралады. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды. Оқу орнында ғылыми жетістік пен инновациялық жоба көп. Бірегейін медицина ғылымдарының докторы Оралбай Дәрменов ұсынды. Ғалым жүрек ауруларын операциясыз емдейтін тәсіл ойлап тапқан. Құрылғы қолданысқа енсе, адам өмірін 15 жылға ұзартуы мүмкін.

Оралбай Дәрменов, Мединица ғылымдарының докторы, профессор:
Жер шарында қазір 300-ге жақын корпорация концерндер стенд шығарып жатыр. Біз сол стендті медицина практикасынан алып тастауға бағыт жасап жатырмыз. Сондықтан бұны Қазақстан өндіру үшін, дамыту үшін мемлекеттік дәрежеде көмек болғанын қалар едік.

Мемлекет басшысы жас оқытушы, ғалымдар және студенттермен, соның ішінде шетелдік жастармен әңгімелесті.

Бакар Рабах, студент:
Мен Ираннан келдім. Қазақ ұлттық университетінің 3 курсында оқимын. Үздік жүздікке кіретін университетте оқу мен үшін үлкен абырой. Мұнда түрлі мәдениетті тоғыстыру үшін шетелдік студенттер қауымдастығын құрдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы университетте оқудың сіздерге ұнағанына қуаныштымын. Оқу орнын аяқтаған соң Қазақстанмен мәңгілік достық қарым-қатынас орнатасыздар деп сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орта Азия экологиялық зерттеу институтының жаңа ғимаратына барып, ғалымдардың өнертабысымен танысты. Енді елімізде мұнайды өндіру кезінде ластанған топырақты да кәдеге жаратуға болады. Институт ғалымдары бес жыл зерттеп, бірегей тәсілді ойлап тапты. Бұдан былай залал келген топырақты тазартып, одан кірпіш жасауға мүмкіндік бар.

Әділхан Товасаров, Орта Азия экологиялық зерттеу институтының бас директоры:
Оған арнайы зауыт керегі жоқ. Оны біз залал келген топырақтың жанында кішігірім, шағын қондырғыларды қоямыз да сол жерде шығара береміз. Ластанған топырақ біткеннен кейін өткіземіз де, екінші нысанға апарып, сол жерде жасаймыз.

Ғалымдарды Каспийдегі итбалықтарды қорғау мәселесі де алаңдатады. Қызыл кітапқа енген сүтқоректіні емдейтін орталық жоқтың қасы. Медициналық көмек үшін өзге өңірде, тіпті шетелге апаруға мәжбүр. Институт мамандары 8 жыл зерттей келе, итбалықтарды оңалтумен айналысатын орталық ашты. Жақында ғалымдар Сауд Арабиясына барып, 20 мың доллар грант ұтып алған. Қаржыны медициналық жабдық алуға жұмсайды.

Президент Алматы әуежайындағы терминал құрылысымен де танысты.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу