Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Balapan» телеарнасы ұйымдастырған «Balapan әлемі» OPEN AIR фестивалі өтіп, 800-ге жуық жас өнерпаз мерекелік шарада өнер көрсетті.
Республикалық деңгейдегі ауқымды шара Есілдің жағасындағы амфитеатрда өтті. Әр өңірден келген талантты бүлдіршіндер осы жерде өнерлерін ортаға салып, түрлі байқауға қатысты. 100 домбырашы бір мезетте күй ойнап, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының қатысушылары әнмен шашу шашты. Сонымен қатар амфитеатр маңында мерекеге орай түрлі спорттық шара, қолөнер жәрмеңкесі мен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар ойналып, балалар асфальтқа сурет салды.
Ал «Balapan әлемі» OPEN AIR жобасына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров арнайы келіп, балаларды мерекесімен құттықтады. «Balapan» арнасының алдағы жобаларына сәттілік тіледі.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Баршаңызды 1 маусым балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Осы фестивальді ұйымдастырған «Balapan» телеарнасы – еліміздегі тұңғыш және жалғыз балаларға арналған телеарна. Қазіргі кезде «Balapan» телеарнасының аудиториясы 2 миллионнан астам. Мерекеміз құтты болсын, балаларымыз үлкен азамат болсын. Біздің осындай мықты, жас бүлдіршіндермен еліміз әрі қарай күшейе берсін.