Бүгін бірінші маусым балалар күні қарсаңында балапан телеарнасы жазғы жаңа маусымын бастайды. Кішкентай көрермендер үшін «Balapan» арнасы жаңа телеөнімдер ұсынады. Тың өнімдермен қоса телеарнаның келбеті де өзгереді. Ал бүгін балалар мерекесіне орай ашық аспан астында үлкен фестиваль өтіп, мерекелік шаралар өтеді. «Балапанның» тартуын тілшіміз көріп қайтты.
«Балапан» телеарнасы жаңа телемаусымда көрермендерге отбасылық құндылықтар мен салауатты өмір салтын насихаттайтын, ел тарихынан сыр шертетін, жаңа технологияларды тануға үндейтін 22 жаңа жоба ұсынады. Оның ішінде «Ойыншықтар», «Білгішбектер», «Дәрігер Дана», «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Бөпе», «Бала Бекзат», «Бозторғай» және «Дүлдүл» атты 9 анимациялық сериал мен 13 жаңа тележоба бар. Ал осы айда «Әжемнің ертегілер» кешкі бағдарламасы көрерменге жол тартады. Осы уақытқа дейін арнада 302 тележоба, 21 телехикая, және жалпы бөлім саны 3 мыңға жуықтайтын 103 анимациялық жоба жасап шығарды.
Қымбат Досжан, «Balapan» телеарнасының директоры:
Алты айлық бала да, алты жасар бала да көреді. Алты жасар бала титрды оқи алатын болса, алты айлық немесе бір жарым жастағы бала әлі оқи алмайды. Сондықтан біз тыңдау арқылы жас көрермендерімізге балапанның үнін жеткізгіміз келді. Тағы да бір айта кететін нәрсе, ертең сахнада «Balapan» арнасының гимні тұсауы кесіледі.
Иә, бұдан былай «Балапан» билейді, ән салады, достарын мультфильм көруге шақырады. Бұл «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Балапан» телеарнасының биылғы базарлығы. Телеарнаның логотипі, эфир және эфирден тыс дизайн стилі толығымен өзгерді.
Арнаның бейнесі 4 түрлі мінезбен ерекшеленеді. Балапандар білімпаз, өнерпаз, спортшы және ерке. Сонымен қатар «Балапан» балалардың төл мерекесіне орай ауқымды шара өткізбек. Қазақстанның өнерлі бүлдіршіндерінің бәрі бүгін «Балапан әлеміне» жиналады. «Балапан» телеарнасының ұйымдастыруымен ерке есілдің жағасындағы осы «амфитеатрда» «балапан әлемі» атты республикалық фестиваль өтеді. еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800 ге жуық жас өнерпаздар эстрада жұлдыздарымен бірге бір сахнада өнер көрсетеді. Ашық аспан астындағы республикалық фестиваль «Балапан» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Мерекелік шара аясында концерттен бөлек, түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Дархан Рахымжан