Елімізде теңіз порттары арқылы жүк тасымалы 2 есеге өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде теңіз порттары арқылы жүк тасымалы 2 есеге өсті

31.05.2022

Елімізде теңіз порттары арқылы жүк тасымалы 2 есеге өсті. Әсіресе «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» арқылы контейнермен жүк тасу қарқын алған. Ал, Маңғыстау облысындағы 3 порт та аталған маршруттың негізгі нысандары. Теңіз айлақтарында бүгінде жұмыс қыза түскен.

Ақтау халықаралық теңіз сауда портында бұған дейін айына 1600-1700-ге дейін контейнер тиелетін. Биыл сәуірде көрсеткіш бірден 2 есеге артып, 3099 контейнер өткізілді. Ал, соңғы 4 айда «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» бойынша 8 мыңнан астам контейнер жөнелтілген.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басшысы:

Ақпан айына дейін портқа аптасына 3 кеме келетін. Қазір 6 кеме болды. Соның арқасында осы айда жүк көлемі тағы 30 пайызға артады деп жоспарлап отырмыз. Тамызға дейін тағы 2 арнайы кеме қосылады. Басқа да техникалар алып жатырмыз. 45 адамды жұмысқа қабылдадық.

Ал, Құрық порты контейнермен жүк өткізуді биылдан бастап жүзеге асыруда. Мұнда жүк тасымалы ақпан-наурыз айларында 3 есеге өскен. Химиялық өнімдер, металдар, концентраттар мен минералдар экспортталып, халық тұтынатын тауарлар, құс өнімдері, азық-түлік пен сусындар елге тасымалдануда.

Бақыткерей Әлібеков, Құрық портының бас диспечері:

Сәуір айында бұрын болмаған порттың қалай жұмыс басталды 2017 ден бері содан бірінші рет 231 мың тонна көрсеткіш көрсеттік. Бұл рекордтарды жаңартуға оны арттыруға порт өзіміздің бар күшімізді саламыз деп ойлаймыз. 2022 ге енді жоспар бойынша 2 млн тонна және одан жоғары деп. Жұмыстың ретіне қарап, сол көрсеткіштерге жетеміз деп жоспарлап отырмыз.

Ал «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» жыл басынан бері 85 кемені қабылдады. 300 мың тоннаға жуық жүк тиелді. Теңіз айлағының аумағы - 39 гектарды құрайды. Мұнда бір мезгілде 6 мың контейнерді сақтауға мүмкіндік бар.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу