Басты Жаңалықтар Ерлан Қошанов: Президент реформалары - елдің басқару моделін түбегейлі өзгертеді

Ерлан Қошанов: Президент реформалары - елдің басқару моделін түбегейлі өзгертеді

Президент реформалары - елдің басқару моделін түбегейлі өзгертеді. Бүгін Маңғыстау жұртшылығымен кездескен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Төменгі палата спикері еліміздегі елеулі оқиға қарсаңында халықпен жүздесіп, алдағы референдумның мән-маңызына тоқталды.

Қазақстандықтардың алдында үлкен жауапкершілік тұр. Ол референдум. Ауқымды шараның маңызын түсініп, таңдау жасап, дауыс беру әр азаматтың міндеті. Ендігі кезекте елдің тұтастығы керек.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы:
Президентіміздің жанына топтасып, реформаларды жүзеге асыруға атсалысуға тиіспіз. Осы орайда мен Маңғыстаулықтардың да Мемлекет басшысының жанынан табылып, тірек болатынына сенімдімін.

Заңдағы өзгеріске сәйкес партияларды тіркеу талаптары жеңілдейді. Есесіне жаңа саяси бірлестіктер көбейеді. Енді өз күшіне сенген адамның мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы депутат болуына мүмкіндігі бар. Конституциялық соттың құрылуы - әділдік іздеген азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ал жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманың саяси және моральдік салмағы өте зор. Өйткені, байтақ жеріміздің бір ғана иесі ол – халық екені белгілі,- деді палата спикері.

Жәнібек Қожық, Қоғамдық кеңес мүшесі:
Тоқаев өзі бүкіл ел алдында ант етті. Сондықтан ант берген конститутцияны бұлжытпай орындап келеді.

Халықпен кездесуде ауыз сумен қамтамасыз ету, жұмыссыздық, жем-шөп тапшылығы сияқты бірқатар әлеуметтік мәселе сөз болды. Өңірдегі ахуал –биліктің назарында. Былтыр 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар қабылданған. Оны толық іске асыру -Мәжіліс депутаттары мен «Amanat» партиясының бақылауында.

Аят Сүгірбай, “Ұлттық рух” қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Маңғыстау жұртшылығы ыстық ықыласпен қабылдап жатыр. Ауыл аймақты аралап жүрміз. Жақсы, маңызды сұрақтарды қойып жатыр. Бірлігімізді танытып, Президент жанына топтасып, елімізді әрі қарай дамытуға өз үлесімізді қосамыз деген сенімдемін.

Бұдан әрі Палата Спикері «Amanat» партиясының облыстық филиалының жұмысымен танысып, Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесті. Университеттегі студенттермен жүздесіп, референдумның маңызы жайлы әңгіме өрбітті. «Қошқар ата» қалдық қоймасындағы өңір экологиясын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар соңында «Total» компаниясындағы мұнай кен орындарындағы жұмыскерлермен сөйлесіп, референдумның мән-маңызын талқылады. Маңғыстау жұртшылығы Президенттің саяси реформаларын қолдайтындықтарын жеткізіп, референдумға қатысатындықтарын айтты.

Раушан Сайлауқызы


Бөлісу