РЕФЕРЕНДУМ-2022: Ата заңдағы 7-ші бөлімнің атауы қалай өзгереді?
Референдумда халық жақтап дауыс берсе, Ата заңдағы 7-бөлімнің атауы «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» деп өзгереді.
Қолданыстағы редакцияда бұл бөлім «Соттар және сот төрелігі» деп аталады. 78-ші баптағы «Кеңеске» сөзі «Сотқа» деп өзгертіледі. 82-ші баптың 4 және 5 тармақтарына енгізілетін өзгерістерге сәйкес, Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды.
Сонымен қатар, Жоғарғы Сот Кеңесінің мәртебесі, құрамын жасақтау және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді. Конституцияға енгізілетін өзгерістердің тағы бірі – Прокуратураның құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен айқындалады. Қолданыстағы редакцияда «заңмен белгіленеді» деп жазылған. Бұл 83-ші баптың 4-ші тармағына енгізілетін өзгеріс.
Конституциялық өзгерістер
Қолданыстағы редакция
Соттар және сот төрелігі
ЖАҢА редакция
Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
Қолданыстағы редакция
82-бап
4, 5-тармақтар
4. Жоғарғы Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.
5. Жоғарғы Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді.
ЖАҢА редакция
4. Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республика Президенті тағайындайды.
5. Жоғарғы Сот Кеңесінің мәртебесі, құрамын қалыптастыру тәртібі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді
Қолданыстағы редакция
83-бап
4-тармақ
4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.
ЖАҢА редакция
4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.