Еуропалық Одақ елдері украиналық балалардың білім алуына жағдай жасауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық Одақ елдері украиналық балалардың білім алуына жағдай жасауда

28.05.2022

Украинада соғыс басталғалы 12 млн адам елден кетуге мәжбүр болған. БҰҰ мәліметінше, елінен босқандардың тең жартысы кәмелетке толмаған балалар.

Еуропалық Одақ елдері 7 млннан астам босқынды қабылдап, балғындарға білім беруге бар жағдай жасауда. Қажет болса мектеп оқулықтарын украин тілінде шығаруға дайынбыз деп отыр. Бельгия мектептерінде оқитын украиналық балалардың жағдайымен тілшіміз Нұрсұлу Қасым танысып қайтты.

12 жастағы Миша Киевте үздік оқитын. Намысқа тырысып, Бельгияда да үздіктердің қатарына ілінсем дейді. Діттегеніне жету үшін Брюссельдегі мектепте екі аптадан бері француз тілін тереңдетіп оқып жүр.

Миша Капкан, 6-сынып оқушысы:

Француз тілі қиын екен. Бірақ, ақырындап түсініп келе жатырмын. Мен мұнда анаммен, әпкеммен келдім. Әкем соғыста. Бұл жердің халқы ақкөңіл, көмектесуге дайын.

Анне Ле Риш, мектеп директоры:

Біздің мектепке қазір украиналық 10 бала бар. Біз оларды жас ерекшеліктеріне қарай сыныптарға орналастырдық және аптасына үш рет француз тілін тереңдетіп оқытатын арнайы сынып аштық.

Украиналықтар мен мектепке жаңадан келген шетелдік балғындарды француз тіліне баулу тәжірибелі ұстаз Селинге сеніп тапсырылған. Педагог қимылмен, ойындар арқылы оқушыларға тіл үйретіп жүр. Арасында гугл аудармашының, мектептегі қазақстандық дипломаттардың балаларының көмегіне жүгінеді.

Мейірлан Дүйсенбек, 6-сынып оқушысы:

Мен француз мұғалімдердің айтқандарын украин балаларына орысшаға аударып бере аламын. Бұл балалардың мектепке, Бельгияға бауыр басып кетуіне бәріміз қолдау білдірсек, тез үйреніп кетеді.

Французшаны тереңдетіп үйрету сабақтары оқу жылы аяқталғанша жалғасады. Аптасына үш күн таңғы 8-ден түскі екіге дейін оқиды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қазір Бельгияда 3-18 жас аралығындағы 12 мыңнан астам украиналық балғын бар. Олардың 5 мыңы француз, фламанд тілдерінде білім беретін мемлекеттік мектептерде оқып жатыр. Қалғандарын ата-аналары әлі бельгиялық білім ордаларына тіркей қоймаған. Әні-міне, соғыс аяқталса, елге ораламыз-деген үмітпен отыр олар.

Елдеріне оралмайтын босқындарды оңалтуға әзірміз»-дейді ұстаздар. Мектептер соғыстың зардабын тартқан балаларға психологиялық көмекті күшейтіп, қоғамға бейімдеу сабақтарын көбейтпек. Ал, Бельгия үкіметі украиналық балаларға жәрдемақы тағайындады. Босқындар демеу қаржыны жақын күндері ала бастайды.

Нұрсұлу Қасым, Бауыржан Дүйсенбекұлы

Хабарламаларға жазылу