Солтүстік Қазақстанда 165 жылдық тарихы бар мешіт жаңаратын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда 165 жылдық тарихы бар мешіт жаңаратын болды

28.05.2022

Петропавлда 165 жылдық тарихы бар мешітті қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жекенің қолына өтіп кеткен нысан бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң ғимарат ислам мәдениетінің музейі ретінде халық игілігіне тапсырылмақ. 

Эльмира Кәленова, тілші:
ХІХ ғасырда Петропавлда 9 мешіт жұмыс істеп тұрған. Оның үшеуі ағаштан, ал алтауы тастан салынған. 1849 жылы қалада алапат өрт болып, ғибадат үйлерінің басым көпшілігі жанып кеткен.
Шахардағы 9 мінәжат үйінің ішіндегі ең жақсы сақталғаны Даулеткелдиев мешіті. 1857 жылы жергілікті көпестің қаражатына салынған мешіттің жанынан кейінірек медіресе ашылған. Қайырымды жанның құрметіне құлшылық үйі «Дәулеткелдиев мешіті» деп аталып кеткен.

Эльмира Кәленова, тілші:

1930 жылы мешіт жабылып, ғимараты ойын-сауық орталығына беріледі. Ал араға 12 жыл салып, нысан аумағында қару-жарақ жасайтын зауыт пайда болады. Сол сәттен бері мешіт кәсіпорын қоймасы ретінде қолданылып келген.
Мамандар мешіттің тарихымен байланысты құжаттарды Ресей архивтерінен жинастырды. Айтуларынша бұл жұмыстар 5 жыл бойы жалғасқан.

Сәуле Мәлікова, СҚО Мемлекеттік архивінің директоры:

Миллиондаған құжаттарды қарастыра отыра, мешіттің салыну тарихы, одан кейін осы мешіттің жоспары жайында мағлұматтар алынды.
Салынғанына 165 жыл болса да мешіт қабырғаларының басым бөлігі жақсы сақталған. Тек күтім көрмегені көрініп тұр. Құрылысшылардың айтуынша нысан ерекше технологиямен салынған. Ғимараттың беріктігінің де сыры осы. Терезелердің маңдайшасындағы кірпіштердің еш тіреусіз қаланғанын байқауға болады.

Марат Кәкіжанов, құрылысшы:

Әйнектері, есіктері бұзылған. Ешқандай өзгеріс енгізбейміз. Бәрін тек қалпына келтіреміз.
Қалпына келтіру жұмыстарының 40 пайызы орындалған. Жоспарға сай нысан қыркүйек айында ашылмақ. Мешітті тарихи ескерткіштер тізіміне қосу мәселесі қарастырылуда.

Хабарламаларға жазылу