Павлодарда 200-дей отбасы әкімшілік уәде еткен баспаналарына кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда 200-дей отбасы әкімшілік уәде еткен баспаналарына кіре алмай жүр

27.05.2022

Павлодарда 200-дей отбасы әкімшілік уәде еткен баспаналарына кіре алмай жүр. Апатты деп танылған үйлері сүріліп, тұрғындар уақытша жалдамалы пәтерлерге көшкен еді. Содан бері үш жыл өтті. Алайда, құрылыстың қашан бітері белгісіз-дейді тұрғындар.

Үш жылдан бері пәтер жалдап жүрген Өндіріс Мақышұлы салынып жатқан үйдің құрылысын аптасына екі рет келіп бақылап кетеді. Шілде айында кіресіз деп әкімшілік уәде еткен. Бірақ, атқарылып жатқан жұмысқа қарияның көңілі толмайды.

Өндіріс Мақышұлы, қала тұрғыны:

Беремін деген үйіміздің жанына келдік. 28-ші үйде. Әлі үш-ақ кісі төбесінде жүр екен. Ол қашан бітеді? Біз қашан аламыз үйді?

Ақсақал бекер күдіктенбепті. Баспана мерзімінен тағы кешіктірілетін болды.

Жансерік Қапзолла, қала әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы:

Қоныстандырудың жоспарланған мерзімі 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылғы наурыз айлары. Бұған дейін 28-ші тұрғын үйді жобалау кезінде бірқатар қателіктер жіберілген болатын. Қазіргі уақытта бұл қателіктердің барлығы жойылып, аталмыш үйдің жобасына түзетулер енгізілді.

Соңғы жарты жылда Павлодарда баспананы жалдау ақысы да қымбаттап кетті. Бір бөлмелі пәтердің өзін 70-80 мыңға жалдайсыз. Ал уақытша пәтерлерді мекен етіп жүрген әр отбасына бюджеттен 60 мың теңге ғана беріледі.

Марина Вильмис, қала тұрғыны:

Балаларым бар, отбасымызбен екі бөлмелі пәтерді жалдап отырмыз. 30 мың теңгені өз қалтамнан қосамын. Зейнетақыға қарап отырғандықтан өте қиын. Осымен үшінші пәтерді ауыстырдық.

Пәтер жалдағаны үшін берілетін шекті қаржы көлемі өзгермейді. Бұл бекітілген баға- дейді әкімшілік өкілі. Бір айта кетері, «Алюминстрой» ауданындағы қос қабатты, қабырғалары қабықтай, апатты үйлерде әлі 85 отбасы тұрып жатыр. Қаланың бас жоспары бойынша ол үйлер сүрілуі тиіс. Әкімдіктің уәдесіне иланып, далада қалған жұрттың жағдайын көрген соң мұндағылар жаңа үй берілмейінше ешқайда көшпейміз деп бекініп отыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу