Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

27.05.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына бейне байланыс арқылы қатысты. Ол одаққа мүше елдердің бірлескен жобаларын тезірек аяқтап, жаңа инвестициялық жобалар ұсынуға шақырды. Бастысы, нақты нәтиже керек. Алып державалар одақ құрамындағы мемлекеттердің экономикалық әлеуетін жақсы біледі. Президент 180 миллиондай тұтынушысы бар алып нарықпен санаспау мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан бұл істі бір жылда іске асыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Одақтың жұмысы басталған уақыттан бері Қазақстанның өзара сауда-саттық көрсеткіші 33 пайызға, ал экспорты 55 пайызға артты. Қазақстанда 15 мыңнан аса бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың саны артып келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Аталған көрсеткіштер біздің интеграциялық ықпалдастығымыздың табысты екенін көрсетті. Ортақ күш жігеріміздің алдағы уақытта да азаматтарымыздың игілігі жолындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынын дамытуға бағытталғаны маңызды деп санаймын. Мұны жаһандық сын-қатерлер алдындағы біздің «ұжымдық иммунитетімізді» нығайтудың кепілі деп білемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екі маңызды бастамасы туралы баяндады. Биыл ақпанда «еуразиялық бестікке» кіретін елдермен Жоғары деңгейдегі жұмыс тобы құрылған. Президент аталған ұсыныстарды осы жұмыс тобы арқылы атқаруға болатынын жеткізді. Сонымен бірге оның аралық баяндамасын биыл желтоқсанда қарастыру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргідей күрделі кезеңде үшінші елдермен, интеграциялық бірлестіктермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мәселесі өзекті. Бұл жөнінде былтыр қазан айында өткен Жоғары кеңестің отырысында айттым. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен кезде осы бағыт басымдық ретінде айқындалды. Өткен жылдың соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тез арада жұмысты қолға алып, нақты жобалар мен бастамаларды талқылауды бастау керек. Бүгін біз Индонезиямен еркін сауда туралы келісімге келу жөнінде келіссөзді бастаймыз. Үндістанмен келіссөз жүргізіліп жатыр, Моңғолиямен келісім пысықталу сатысында.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу