Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Партияның аймақтық филиалы ғимаратында жұртшылықпен жүздесіп, алдағы референдум бойынша тұрғындармен пікір алмасты. Еліміздің келешегі үшін аса маңызды саяси реформалар жайында айтып берді. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, жұрттың көкейіндегі сұрақтарын тыңдады.
Референдумның өтуіне санаулы күн қалды. Ата заңның 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмек. Әсіресе жер, оның қойнауы мен қазба байлықтарымызға қатысты заңдардың маңызы зор. Президент пен Парламент өкілеттігі, жергілікті өзін-өзі басқару ісін оңтайландыру секілді жаңашыл өзгерістерді жүзеге асырудың негізгі қадамы осы референдум болмақ. Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформалардың басты мақсаты азаматтардың құқығын қорғауды негізге алатын әділетті қоғам құру,- деді Мәжіліс Төрағасы.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Аmanat» партиясының төрағасы:
Президент бастамалары бүгінгі бүкіл халықтың қолдауына ие болды десем ол артық айтқандық болмас. Қалың жұртшылықтың көңілінен шығып, елдің ертеңіне үлкен үміт ұялатып отыр. Ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағдырын халықтың өзі шешуі қажет. Осы оймен мемлекет басшысы референдум жариялады. Ең негізгі мәселе жауапкершіліктің жүгін мемлекетпен бірге азаматтар да арқалауға дайын болуы қажет. Сондықтан алдағы науқан біздің барлығымыз үшін үлкен сын болғалы тұр.
Тағы бір маңызды реформа – әкімшілік-аумақтық басқаруды оңтайландыру. Жаңадан құрылған үш облыс қатарында Ұлытау өңірі де бар. Қарағанды – алып аймақ. 700 шақырымға дейін шалғай жатқан Жезқазған, Ұлытау өңірін бір орталықтан басқарудың тиімсіз тұстары көп. Тұрғындарға облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Шалғай елді мекендерді көркейту үшін қаражат керек. Осының барлығы ескеріліп, халық үніне құлақ аса отырып шығарылған әділ шешімге қоғам белсенділері де риза.
Майра Әбдірахманова, қоғам белсендісі:
Ұлытау облысының бөлініп шығып жатқанына, мынау қазақ елінің тарихында бірінші рет Ұлытау өзі бір аймақ болып құрылуына өз басым басымды иіп, мемлекет басшысына рахметімді айтамын.
Кездесуден соң «Amanat» партиясының төрағасы жеке қабылдау өткізіп, облыс тұрғындарымен сөйлесті. Сондай-ақ, Ерлан Қошанов Теміртаудағы 20 мың емделушіге арналған жаңадан ашылған емханаға және дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, тұрғындармен кездесті. Кенді шахардағы белсенділер де жаңашыл бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Олег Гусев, Теміртау қаласының тұрғыны:
Ең бастысы – ішкі саяси тұрақтылықты сақтау. Президентіміз өте жауапты және тез шешім қабылдайды. Біз оған бірнеше рет куә болдық. Біз оның ішкі саяси тұрақтылық пен ел бірлігін сақтауға бағытталған саясатын қолдаймыз.
Мәжіліс Төрағасы Ленин атындағы шахтаның кеншілерімен кездесті. Бүгінде кеншілер қаласындағы 8 шахтаның жұмысы қалыпты жағдайда жүріп тұр. Сапар аясында Ерлан Қошанов ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен жүздесіп, шалғай елді мекендерге де барады.
Руслан Нұрланұлы