Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғыз еліне барды. Бүгін таңертең еліміздің нөмірі бірінші борты Манас халықаралық әуежайына қонды. Президентті Қырғызстанның премьер-министрі Ақылбек Жапаров күтіп алды. Осыдан кейін Ала-Арча сарайында Қырғыз президенті Садыр Жапаров сән-салтанатымен мәртебелі мейманды қарсы алды. Қос президент әуелі екеуара әңгімелесіп, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық мәселелерді талқылады. Шағын құрамдағы жүздесу кеңейтілген жиынға ұласты. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-саттығы 1 млрд долларға жуықтаған. Биыл да алыс-беріс көбейіп отыр. Бүгінде қос елде 600-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Президент сапарының қорытындысы бойынша 13 меморандумға қол қойылады деп жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз.
Шерхан Жамбылұлы