Қазақстандық оқушылар жаһандық додада жүзден жүйрік шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушылар жаһандық додада жүзден жүйрік шықты

24.05.2022

Дүниежүзілік гимназиадада қазақстандық мектеп оқушылары 85 медаль жеңіп алды. Таэквондо, жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес секілді спорт түрлерінен сайысқа түсіп, әлемнің 70 ке жуық елінен келген 3 жарым мың қатысушымен бақ сынасты. Халықаралық додада жеңістің туын желбіреткен отандастарымызды әуежайдан біздің тілшіміз де қарсы алды.

Қазақстандық оқушылар жаһандық додада жүзден жүйрік шықты. Байрақты бәсекеде бәсіміз басқалардан басым түсіп, жалпы медель саны бойынша үздік үшттікке енді.

Талғат Орынбасар, Шымкент қаласы әл-фараби академиялық мектебінің оқушысы:

Жарыс өте мықты деңгейде өтті. Жалпы жарыста бүкіл елдің балалары өте мықты дайындықта келді. Біз өзіміздің жеке бапкерлерімізбен және аға бапкерлерімізбен жарысқа тыңғылықты дайындалып, Аллаға шүкір чемпион болдық.

Қазақстан құрамасы турнирлік кестеде алтын және күміс медальдар саны бойынша үшінші орынға, қола жүлде бойынша бесінші орынға тұрақтады. Халықаралық өлшеммен қарасақ бұл үлкен жетістік. Әрі біздің оқушыларымыз дүниежүзілік гимназиадаға алғаш рет қатысып отыр.

Бақытжан Төребеков, аға жаттықтырушы:

Жалпы гимназиадаға өзімізде ішкі оқу-жаттығу жиындарымыз өтті. Екі оқу-жаттығу жиынын жасап, гимназиадаға бардық. Еуропа дзюдосы өте қатты дамыған. Әрбір палуанымызға әр кездесу оңайға соққан жоқ.

ХІ дүниежүзілік гимназиада Францияның Нормандия қаласында өтті. Жеңімпаздарды әуежай қарсы алуға білім және ғылым министрлігің өкілдері, ұстаздар, ата-аналар және жанкүйерлер келді. Гүл шоқтарын ұстатып, ақ тілегін арнады.

Гүлсара Құлжанова, Тараз қаласының тұрғыны:

Айналайын осы ел жұртыма, халқыма, Қазақстан еліме ырзамын. Мынау жақсы өнеге беріп, тәрбие берген министрлігіне, спорт мұғалімдеріне, ұстаздарына оқытып жатқан, барлығына рахмет айтам.

Білім және ғылым министрлігі оқушылар арасында зияткерлік және спорттық олимпиадаларды дамыту жұмысы жалғасатынын айтты.

Дархан Рахымжан


Хабарламаларға жазылу