Маңғыстаулықтар улы газдың зиянын көріп отырғанда, Солтүстік Қазақстанда тұтас бір ауыл тұрғындары қоқыстың түтініне тұншығып отыр. Қызылжар ауданына қарасты Шахавское ауылының іргесінде, тұрмыстық қалдықтар полигоны күн сайын өртенеді. Экологтар палигонды жабуды талап етуде.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына жерде полиэтелен пакеттер мен пластик бөтелкелерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Бұл Петропавл қаласындағы жалғыз қоқыс полигоны. Талап бойынша бұл жерге мұндай тұрмыстық қалдықтарды тастауға болмайды. Заңды белшесінен басқан кәсіпкерді экологтар сотқа берді.
Қағаз, шыны, пластик және полиэтелен қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілуі тиіс. Бірақ іс жүзінде олай емес. Заң талаптарын орындамаған полигон иесі әкімшілік жауапқа тартылды, ал мәселе шешімін тапқан жоқ.
Азамат Бектасов, Облыстық экология департаментінің жетекшісі:Негізгі заң бұзушылықтарды бірі – осы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жасамау, полигондарда көму. Жану фактісі болды және полигонның аумағында тұрмыстық қалдықтармен ластануы.
Тұрмыстық қалдықтар полигонына тәулік сайын 120 тоннадай қоқыс әкелінеді. Экологтар тиісті талап орындалмайынша нысан жұмысын тоқтатуы қажет деп есептейді. Ал полигон өкілдерінен жауап алу мүмкін болмады.
Мына адам шошытарлық көрініс Шахавское ауылының тұрғындарын мезі қылған. Ал желді күндері ауыл тұрғындары өртенген қоқыстың түтініне тұншығады.
Ғалия Таубаева, ауыл тұрғыны:Жел болса-ақ біздің ауыл сасып кетеді. Ол арадан біз өтіп жатқанда иттер шулап шығады. Бірнеше иттер сонда тұрады. Сосын өзі жайылып жатыр.
Теріскейде қоқыс төгетін 450-дей орын анықталған. Оның 16-сы ғана ресми тіркеліп, заңды жұмыс істеп тұр. Петропавл іргесіндегі Бескөл ауылында да қоқыс мәселесі көп жылдан бері шешілмей келеді. Елді мекеннің маңындағы 8 гектар жер қоқыс үйіндісіне айналған.
Қанат Дәрібаев, Бескөл ауылдық округінің әкімі:Басқа варианттар жоқ, сондықтан халық қай жерге төгеді? Ол осы ерге әкеліп төгеді. Біз енді өзіміздің шама-шарқымыға қарай бұл мәселені ақырындап, буртовка жасаймыз, жинаймыз.
Қазақстанда жалпы 3 мыңнан астам қоқыс полигоны бар. Мамандардың дерегінше оның 80 пайызға жуығында экологиялық және санитарлық талаптар сақталмайтын көрінеді.
Эльмира Кәленова