Түркістанды теріскеймен жалғайтын жалғыз тас жолдың жыры бітер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанды теріскеймен жалғайтын жалғыз тас жолдың жыры бітер емес

20.05.2022

Түркістанды теріскеймен жалғайтын жалғыз тас жолдың жыры әлі бітер емес. Орталық пен Кентау қалаларын Созақ ауданымен байланыстыратын облыстық маңызы бар жолға осыдан 2 жыл бұрын орташа жөндеу жұмыстары басталған. Асфальттың сыртқы қабаты қырылып, айналма жол да салынған. Алайда мердігер жұмысты жарты жолдан тастап кеткен. Неге? Көлік жүргузішілер не дейді? 

Бұл – Түркістан мен Кентау тас жолының Ащысайға дейінгі аралығы. 33 шақырым. Орташа жөндеу жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Алайда басталмай жатып тоқтап қалған. Қазір бұл жолды жұрт - «азап жолы» дейді. Себебі, шұрқ-тесік. Салдарынан көліктер көп сынады. «Жарты сағаттық жолды жарты күн жүреміз» деп налиды амалы таусылған жүргізушілер.

Жалпы жөнделуі тиіс жолдың ұзындығы 48 шақырым. Қазір оның 15 шақырымын басқа мердігер жөндеп жатыр. Ал қалған жолды орташа жөндеуден өткізуі тиіс мердігер 2020 жылы 7 шақырым жолдың беткі қабатын қырып, одан кейін жұмысын тоқтатқан. Себеп - құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Жауапты басқармаға бағаны көтеру бойынша бірнеше мәрте хат жазған. Бірақ басқармадағылар қолданыстағы заңда күрделі жөндеу жұмыстарының бағасын көтеру жағы қарастырылмағандықтан ұсынысты кері қайтарған.

Қайрат Фазылов, Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
Алайда мердігер мекеме жұмыстарды атқармауына байланысты біз қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мердігер мекемемен бүгінгі таңда келісім-шартты бұздық. Қазір осы аралықты орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттары әзірленді. Жалпы құны 2 млрд теңге. Құжат автомобиль жолдары комитетінің қарауында. Қорытындысы шыққан соң бюджетке ұсыныс беріледі.

Ащысайға апаратын жолды жөндеу биыл жалғасады. Өңірде сондай-ақ, ұзындығы 760 шақырымдық облыстық және 109 шақырым аудандық маңыздағы жолдарға жөндеу жүргізу жоспарланған. Негізгі басымдық орталық пен ірі елді-мекендерді жалғайтын туристік бағыттағы жолдарға берілмек.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу