Бүгін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша азаматтарға көлік беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша азаматтарға көлік беріле бастады

20.05.2022

Бүгін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша азаматтарға көлік беріле бастады. Алғашқы автомобильдің кілті елорда тұрғынына табысталды. Жалпы бағдарлама басталған уақыттан бері 31 млрд теңгеге 4200-ден аса адамның өтініші мақұлданған.

Елордалық Бекзат Тілеген жеңілдетілген автонесие бағдарламасы арқылы көлік алған алғашқы азамат. 16 мамырда автосалонға келіп, өтініш берген. Енді міне 6,5 млн теңгеге көлік сатып алып, 7 жылға несие рәсімдеді. Айына 83 мың теңге төлейді. Бұл - Бекзат мінген алғашқы су жаңа көлік.

Бекзат Тілеген, Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны:
Шынымды айтсам, өте жақсы бағдарлама. Менеджер төлемге шот берді. Сол арқылы банкке бардық. 3 күн күттік. Банк 3 күннен кейін өтінішімізді мақұлдап, бізді несие рәсімдеуге шақырды.

Центр кредит банкі арқылы 4 пайыздық несиемен Аида Қосаева да көлік мінді. Құны онсыз да шарықтап тұрған уақытта көлік алудың бұған дейін қолжетімсіз болғанын айтады. Жаңа автомобильге несиенің жоғары пайызы тағы қолбайлау. Енді көптен күткен көлікке тиімді жолмен қол жеткізді.

Аида Қосаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Салондарда негізінен шынын айту керек 22 процент, 33 процент өте қымбат. Сол себептен көлік алуды ырысып тастап жүрдік. Негізі осы бағдарламаны күттік. Барлық адам өтініш берсе, ала-алады деді. Шынымен, алдым. Өзім көптен бері машина алайын деп ойлап жүрдім. Ойыма жеттім, мақсатыма жеттім.

Өнеркәсіпті дамыту қоры 31 млрд 700 млн теңгеге 4200-ден аса азаматтың өтініші мақұлданғанын хабарлады. Осы аптадан бері бір ғана банкке 4 мыңнан аса өтініш түскен. Центр Кредит банкінің өкілдері бүгін 10-ға жуық азаматқа несие берілетінін айтты. Қазір автосалондарда жеңілдетілген несие беру қарқынды жүріп жатыр. Тұрғындардың өтінішін 4 екінші деңгейлі банк қабылдайды.

Гүлжаһан Хамитова, Центр кредит банкі филиал директорының міндетін атқарушы:
Ең бастысы зейнетақы жарнасы алты айда түсіп отыру керек. Барлық кредит тарихы тексеріледі. Машина 13-14 млн болып жатса, әрине 3-4 млнды бастапқы жарна ретінде адамдар құяды. Қалғанын банктен несие арқылы алады.

Сонымен бірге банктерге сақтандыруға қатысты талап қойылды. Демек көлік 10 миллион теңге болса, сақтандыру тарифі көлік құнының 1,5 пайызынан яғни 150 мың теңгеден аспауы керек. Бұған дейін азаматтар нарықта көлік тапшы екенін айтқан. Автокәсіп қауымдастығы елде үш айда 213 млрд теңгеге 22 мыңнан аса техника шығарылғанын жеткізді. Олар көлік құрастыру алдағы уақытта артады деп мәлімдеді.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу