Қазақстан мен Өзбекстандағы туризм және сурет салу өнерінде білім алатын студенттер өзара тәжірибе алмаса алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстандағы туризм және сурет салу өнерінде білім алатын студенттер өзара тәжірибе алмаса алады

20.05.2022

Қазақстан мен Өзбекстандағы туризм және сурет салу өнерінде білім алатын студенттер өзара тәжірибе алмаса алады. Екі ел университеттері арасында осындай келісім жасалмақ. Бұл бастамалар бүгін Ташкентте өтіп жатқан туристік форумда айтылды. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің қатысуымен өткен жиында бас-аяғы 15ке жуық жоба ұсынылды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Өзбекстан мен Қазақстан бауырлас ел. Әрі стратегиялық серіктес. Екі елдің сауда-экономикалық байлынысы нық, бірлігі бекем. Енді қос тараптың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі. Туристік сала нығаймақ. Әуелі біріктірілген ортақ бағыттың ауқымы кеңейеді. Туристік салада білім алатын жастар өзара тәжірибе алмасады. Тек Өзбекстан ғана емес, ШЫҰ мүше елдер арасында ортақ туристік дәліз құрылады. Ол үшін Қазақстан визаға қатысты мәселелерді реттемек.

Талғат Аманбаев, «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

Визасыз режимді 74-тен 100-ге жеткіземіз. Себебі турист келгенде бір елден бір елге барерсіз бара алады.

«Бір тур-бір жолдама» жобасының аясы кең. Енді тұрғындар үшін бірнеше елге саяхаттаудың мүмкіндігі артады. Шанхай Ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері басымдық берген жоба осы. Ол үшін логистика мен инфрақұрылымды жетілдіру міндеті тұр. Мәселен, тараптар саяхатшыларға арналған туристік пойыз желісін ашуды ұсынды.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары:

Біз үшін сіздердей беделді мемлекеттердің басын қосу үлкен абырой. Ұйымға мүше елдердің Юнеско көлемінде мойындалған 207 мәдени мұрасы бар. Әлем халқының оларға қызығушылық басым. Арктикадан Үнді мұхитына дейін, Шанхайдан Калининградқа дейінгі алып жерлерімізбен де мақтана аламыз. Ұйымға мүше елдер туристік ресурстарды қорғай отырып, әуелі көлік-логистикалық бағыттағы жоспарларымызды саралаған жөн.

Туризмді түлету - экономинаны алға жылжытудың драйвері. Мұның маңызын жақсы түсінетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының сегіздігі енді күш біріктіруге ниетті. Екі күндік форумда бас-аяғы 15ке жуық жоба талқыға салынды.Тараптар әзірге оларды жүзеге асырудың тетігін қарастырады. Нақты шешім күзде Самарқандта өтетін ШЫҰ мүше елдердің саммитінде белгілі болады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу