Ата заңдағы «Жер мемлекеттің меншігі» деген сөйлем «Жер халыққа тиесілі» деп өзгертіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата заңдағы «Жер мемлекеттің меншігі» деген сөйлем «Жер халыққа тиесілі» деп өзгертіледі

20.05.2022

Ата заңдағы «Жер мемлекеттің меншігі» деген сөйлем «Жер халыққа тиесілі» деп өзгертіледі. Бұған 2016 жылдан бастап елімізде жерді пайдалануға қатысты түсінбестіктен туындаған толқулардың көбеюі себеп. Қостанайда аграрлық өндірістік кешен өкілдерімен кездесуде, облыстық референдумды қолдау қоғамдық штабының төрағасы осылай деді. Бұл өзгеріс осы төңіректегі дау дамайға нүкте қоюы тиіс. Сонымен қатар билікті әртараптандырып, Парламент рөлін арттыру, елімізде демократия қағидаларының орнығуына ықпал етеді.

Сергей Жалыбин, облыстық Референдумды қолдау қоғамдық штабының төрағасы:

Партиялық тізім бойынша дауыс беру де өзін өзі ақтады дей алмаймыз. Бұл жүйе бойынша сайлаушы нақты кандидатты білмейді де. Депутат мандатын кім алатынын көп дауыс жинаған партияның басшылары шешеді. Сондықтан нақты белгілі бір адамды таңдайтын жүйені ішінара қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр.

Жамбыл облысына барған Мәжіліс депутаттары мен облыстық штаб мүшелері Меркі ауданының тұрғындарымен кездесті. Халықтық референдумда Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізіледі. Яғни, Президент өкілетінің бірқатар функциясы Парламентке беріледі. Азаматтардың құқықтарын қорғайтын жаңа орган – Конституциялық сот құрылады. Ол орган сот жүйесінің ең жоғарғы сатысына айналады деген штаб мүшелері азаматтарды саяси іс-шараға бір кісідей ат салысуға шақырды.

Исламбек Дастан, облыстық штаб мүшесі:

Конституцияға енгізілетін өзегртулер мен толықтырулар туралы біз жан-жақты ойымызды, пікірімізді бөлісіп, Президенттің бұл шешімдерінің қандай нәтиже беретінін айттық.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу