Жаһандық геосаяси ахуал жылдам өзгеріп жатқан кезде Қазақстанның тиімді реформалар арқылы өзгеріске ұмтылуы ел дамуының жаңа кезеңі. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастыруымен Анкара қаласында өткен жиынға қатысқан саяси сарапшылардың пікірі осындай. Басқосуда Жаңа Қазақстан ұғымының ерекшелігі, қолға алынған реформалармен қатар, Ата заңға өзгерістер енгізуге бағытталған референдумның тиімділігі де талқыға түсті. Сондай-ақ, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға жасаған тұңғыш мемлекеттік сапарының нәтижесіне тоқталды. Осы сапар аясында қол қойылған 15 құжат екі ел ынтымағын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Ирфан Картал, Түркия парламентінің депутаты, Қазақстан-Түркия парламентаралық достық тобының мүшесі:
Қазақстан барлық салада жаңарып, жаңғырып жатыр. Мұның бір көрінісі - 5 маусымда өтетін Конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы референдум. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бейтарап ұстанымы, яғни саяси партияға мүше болмауы. Қазақстан- жас мемлекет болғанына қарамастан, осындай күрделі өзгерістерден өтіп жатыр. Бұл қазіргі заман талабына сай қадамдар.