Алматы облысында 500-ге жуық балықшы жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Себебі әлдебір бастамашыл топ Қапшағай су қоймасында балық аулауға 5 жылға тыйым салуға петиция жариялап, қол жинай бастаған. Ау салып күн көріп отырған тұрғындар бұған наразы.
Қазір Қапшағай су қоймасы уылдырық шашу маусымына байланысты балықшылар үшін жабық тұр. Маусымның басында қайта ашылады. Нәпақасын осы көлден тауып отырғандар ертең мараторий жарияланса екі қолға бір күрек таба алмай қаламыз ба деп алаңдап отыр.
Көлге ау салып күнін көріп отырған жандардың бірі - Рүстем Жанысов. 30 жылдан бері балық шаруашылығында жұмыс істейді. Төрт баланың әкесі. Қолында балық аулауға қажетті тиісті құжаттарының барлығы бар. Ертең шаруа тұралап қалса, жеп отырған нанымыздан айырылып қаламыз ба, деп алаңдайды.
Рүстем Жанысов, балықшы:
Қапшағай жабылса бұл ауылда адам қалмайды-ау. Өйткені, 180 үй болса барлығы осыдан нәпақа тауып отыр. Мал жоқ ұстап отырған. Мал ұстайын десең жер жоқ бұл жерде. Көлді ауылында мал бағатын жер жоқ.
Жұбандық Әлішев, Көлді ауылының тұрғыны:
Бұл жерде басқа бізде тіршілік көзі жоқ. Тек қана балық шаруашылығы. Келешек балаларымыз қайда кетеді? Қайда барып күн көреді? Балаларын қалай асырайды? Сол бізді қатты толғандырады.
Көлді ауылының өзінде 200-ге жуық балықшы бар. Тұрғындардың сөзінше, соңғы уақытта туризмді дамытамыз деген желеумен бастамашыл топ қойманы жабу туралы Үкіметке ұсыныс жолдаған. Бұл - ауылдың болашағына балта шабу, дейді ауыл ақсақалдары.
Жарқынәлі Кәукерұлы, Көлді ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы:
Қапшағайдан балық аулап жүрген болсақ, сол балық аулап жүрген жерімізден айырылып қаламыз ба деген күмән бар. Өйткені Ботабеков деген бір жігіт шықты. Сол халықтың сыйлы адамдарына, атақты адамдарына қол қойдырып, Үкіметке, Президентке жолдау жіберіпті.
Алайда, балықшылар айтқан бастамашыл топтың жетекшісімен тілдесе алмадық. Телефонын көтермеді. Дегенмен, ол кісінің уәжін тыңдауға дайынбыз. Ал, тұрғындардың айтары мынау.
Бүркітбай Дүйсенбай, Көлді ауылының тұрғыны:
Көлді ауылында қазір 11 жылдық мектебіміз бар. Амбулаториялық пунктіміз бар. Балабақшамыз бар. Ертеңгі күні осылардың барлығы жабылады. Ер азаматтар сыртта жұмыс істейтін болса барлығы көшеді.
Осы мәселе бойынша бірнеше күн бұрын жауапты мамандар ауылға ат басын бұрған. Тұрғындармен кездесіп, уәжін тыңдаған. Министрлік өкілінің сөзінше, кәсіпшілік балық аулауға мораторий енгізу ғылыми зерттеудің қорытындысы негізінде жүзеге асады.
Аслан Жеңісұлы, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің ресми өкілі:
Ғылыми ұйымдарының мәліметінше, Қапшағай су қоймасында балық қоры тұрақты. Қазіргі таңда бұл мәселе Балық шаруашылығы комитетінде қаралып жатқан жоқ. Сондықтан, кәсіпшілік балық аулауға 5 жылға мараторий енгізуге қазіргі таңда еш негіз жоқ.
Бір Көлді ауылының өзінде қазір 4 балық шаруашылығы бар. Қапшағай көлі бойынша олардың саны 20-дан асады. Егер балық аулауға тыйым салынса, жағаға жақын 10 шақты ауылда мыңнан аса адам жұмыссыз қалуы мүмкін.
Қуан Нұрақын