Елорда маңы пайдаланған құрылыс материалдарына толған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда маңы пайдаланған құрылыс материалдарына толған

17.05.2022

Елорда маңы пайдаланған құрылыс материалдарына толып барады. Құқық қорғау өкілдері жергілікті әкімдікпен бірге белгіленбеген бірнеше қоқысты тастайтын орынды тауып, кінәлілердің үстінен айыппұл салуда. Алайда, бұл жылдағы проблеманы шешуге еш ықпалын тигізіп жатқан жоқ. 

Бұл аумақ Экспо қалашығынан бір шақырымдай жерде орналасқан. Бүгін ғана осы жерден 10 мың тонна қоқыс тиеліп, полигонға шығарылды. Үйіліп жатқан қалдықтан осы жердегі ағаш та өспей, қурап кетіп жатыр.

Сергек бейнебақылау камералары арқылы кінәлілерді ұстау деректері қазір жиілей түсті. Алайда, қаланың сыртқы аумақтарына қондырғыларды орнату әзір мүмкін болмай тұр. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан заң бұзушылар дронның көмегімен анықталуда.

Жомарт Айтқазы, Қала әкімі аппараты басшысының орынбасары:
Біздің операторлар полиция департаменті қызметкерлерімен бірге күшейтілген режимде жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қаланың ішінде кетіп бара жатқан жүк көліктерінің қоқыс тасып бара жатыр ма, басқа дүние тасып бара жатыр ма бәрі жіті қадағаланып отыр.

Құрылыс салушы компаниялар қаржысын үнемдеу үшін қоқысты белгіленбеген жерге тастайды, дейді әкімдік өкілі. Оның үстіне оларға салынатын айыппұл мөлшері де аз. Екінші ескертуден кейін 60 мың теңге, қайталанған жағдайда 91 мың теңге төлейді.

Жомарт Айтқазы, Қала әкімі аппараты басшысының орынбасары:
Қазір жұмыс істеп тұрған полигон бар. Ол жерде тоннасының мөлшері 3 мың 800 теңгеден төлеу керек. Ол құрылыс салушы компаниялары, жүк көлігі жүргізушілері мен жеткізушілеріне тиімсіз. Мәселен, 20 тонна қоқысты өткізу үшін олар ресми түрде 80 мың теңгенің төңірегінде төлеуі керек.

Заңнама жағынан түбегейлі шешімдер болмаса, заңбұзушылық жылда қайталана береді. Сондықтан, әкімшілік жазаны күшейту қажет дейді мамандар.

Ламбриан

Хабарламаларға жазылу