Ақтауда Құрық порты арқылы тасымалданған жүк көлемі сәуірде рекордтық көрсеткішке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда Құрық порты арқылы тасымалданған жүк көлемі сәуірде рекордтық көрсеткішке жетті

17.05.2022

Ақтауда Құрық порты арқылы тасымалданған жүк көлемі сәуірде рекордтық көрсеткішке жетті. Алдағы уақытта Қазақстанның көліктік логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, порт арқылы жүк тасымалын одан әрі арттыру көзделген. Осы мақсатта «Еуропа-Кавказ-Азия» халықаралық көлік дәлізімен жүк тасымалдап отырған елдер үшін арнайы конференция ұйымдастырылып, Құрық портының мүмкіндіктері таныстырылды.

«Еуропа-Кавказ-Азия» халықаралық көлік дәлізінің қазіргі геосаяси жағдайға байланысты ролі артып келеді. Ал Қазақстан порты - аталған дәліздің негізгі бөлігі және Каспий теңізі арқылы басқа елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Сондықтан қазір халықаралық қоғамдастық Құрық портына қызығушылық танытып отыр. Жиында шекарадан өту тәртібін жеңілдету, тасымалдау мерзімін қысқарту секілді мәселелер талқыланды.

Лариса Кислякова, Орталық азиядағы көлік-логистика бойынша серіктестіктің төрайымы:
Құрық порты арқылы жүк тасу- біздің тасымалдаушылар үшін біршама қымбат. Сондықтан біз транзиттік жүктердің бүкіл ағыны Каспий арқылы өтуі үшін, орта Азия елдерінің тасымалдаушыларына қалай жеңілдіктер жасауға болатыны туралы айтқымыз келеді. Негізгі мақсатымыз да осы- Еуропаға шығу үшін, оңтайлы транзиттік алаң құру.

Биыл аталған дәліз бойынша Құрық порты арқылы шамамен 19 мың автокөлік тасымалдау жоспарда. Былтыр бұл көрсеткіш 16 мыңдай ғана болды. Жалпы паром кешені жылына 30 мың көлікті қабылдап - өткізуге қауқарлы.

Серік Ахметов, Құрық портының директоры:
Қазақстан кезінде порттарға дұрыс инвестиция құйды. Себебі, қазір олар бұрынғыдан да қажет. Біріншіден, порт арқылы қазақстандық жүк тасымалданады. Оның артында бүтін бір кәсіпорын тұр. ал, онда халық еңбек етіп, табыс тауып жатыр. Енді шет елдердің тасымалы да арта түспек. 
Әсет Асаубаев, Трасека үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы:
Осы геополитикалық жағдайға байланысты көптеген автокөліктер осы дәлізге қазір ауысуда. Ал бірақ мысалы Грузия мен Түркия арасындағы өткізу бекетінде қазірдің өзінде автокөліктер жиналып қалды. Өткізу қабілеті өте төмен себебі. Бұл жиналыстың да мақсаты-жиналып қалған авто көліктерді оларға тезірек шара қолдану.

Келесі басқосу Бакуде одан әрі, Тбилисиде жалғасатын болды. Онда Әзірбайжан, Грузия мен Түркия шекарасындағы өткізу пунктерінің қызметін оңтайландыру тетіктері қарастырылмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу