Қызылорда облысы, Арал ауданында қыста қар , көктемде жаңбыр молынан жауып, бүгінде шабындық атаулы көк майсаға оранды. Былтыр қуаңшылықта жерден қылтанақ таппай қырылған төрт-түліктің өзі бауырын көтеріп, шаруалардың көңілі жай тапқан. Сондай-ақ, шөл даладан құдық қазылып, малшылар жер асты суының да игілігін көре бастады. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы толықтырады.
Былтыр Арал жұрты 50 жылдан кейінгі жұтты бастан өткеріп, қуаңшылықтан мал қоғадай қырылды. Ал биыл Аралға ылғал молынан түсті. Сарғайған дала көктемде жасыл кілемге оранды. Тіпті, осы өңірде біраз жылдардан бері өспеген өсімдіктің түрлері шығып, табиғат қайта түледі.
Хамит Қаниев, «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорының директоры:
Биыл өте жақсы деп айтуға болады. 22 сантиметрге дейін жусан өсті. Мысалы шағыр, тағы да өсімдіктер бар. Мортық деген шөптеріміз бар. Өзімізге тән. Негізгі Арал өңірі бойынша 350 жуық өсімдіктің түрі бар.
Жалпы аудандағы суы жоқ, ең шөлді аумақтар айқындалған. Былтыр соған сәйкес, жер асты суларын шығару жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда Сыр беткей мен Қарақұм даласынан 4 құдық қазылып бітті.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Сарылдап аққан мына жер асты суының көзін мамандар 160 метр тереңдіктен шығарған. Бұл жер бұрын малға қолайсыз шөл дала болса, енді тіршілік нәрінің келуімен құмның арасынан көл пайда болып, төрт-түлік осы жерден су ішетін болады.
Осы маңда ата кәсіпті түлеткен шаруалар бұған дейін малға амалдың жоғынан ащы су беріп келген. Жаңа ұңғымаға малшылар айрықша қуануда. Өйткені, шөлді жер нағыз оазиске айналған.
Жаңаберген Ағыбаев, қожалық иесі:
Мал қазір жақсы күйлі мал. Мал келеді де мына суды ішіп, қуанғаны сондай, суды ішеді де бірден өріске кетіп қалады. Қайтадан келеді, қайтадан ішеді. Кәдімгідей бала сияқты қуанып жүр ғой мал.
Жыл соңына дейін тағы 8 жер асты суының көзін ашып, мал шаруашылығына кеңінен пайдалану көзделуде. Сондай-ақ, Сырдариядан тарайтын каналдар қайта қазылып, биыл көлдер мен шабындық жерлерге де су молынан жетті.
Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:
Тіптен, 30 жылдан бері су бармаған жерлердің барлығына мынау Қамбаш көлдер жүйесі, Ақшатау көлдер жүйесі барлығы толықтай толып жатыр. Артық суымыздың барлығы теңізге қарай түсіп жатыр.
Қыстан аман-есен шыққан төрт-түліктің аузы ерте көктемнен көкке жетіп, бүгінде қоң жинап үлгерген. Былтыр жан-жақтан жем-шөп тасыған аралдықтар, биыл мал азығынан мәселе туындамайды деп сенеді.
Әділбек Серікұлы