Алматыда «AMANAT» партиясының мүшелері халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «AMANAT» партиясының мүшелері халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысшыларымен кездесті

13.05.2022

Алматыда «AMANAT» партиясының мүшелері халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысшыларымен кездесті. Жиынға Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, қалалық мәслихат депутаттары Қали Сәрсенбай мен Әсия Ақанова және партияның Алматы қаласы бойынша штаб басшысы Мейіржан Отыншиев қатысты. Мақсат – 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдумды , сонымен қатар, Конституциялық реформаларды түсіндіру.

Жиынға қатысқан партия мүшелері республика бойынша өтетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жауап берді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Халықтың тарапынан сұрақ көп қойылды. Оның ішінде үлкен мәселе жалпы визуалды контентті даярлау. Қазіргі таңда бұл кісілер үлкен материалдарды оқып, соған байланысты қиындық туатынына байланысты визуалды материалдарды сұрады.

Cарапшылар референдумның басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділеттің орнауы, үшінші - елдің дамуы екенін айтты. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.

Қали Сәрсенбай, Қалалық мәслихаттың депутаты:

Қазіргі Конституцияда мысалы былай дейді. Жер және оның қойнауы, табиғи ресурстар, су көздері, тіпті жан-жануарлар дүниесінің барлығы мемлекеттің меншігінде деп жазылған. Ал, алдағы болатын жаңа Конституцияға енетін өзгерістің 6-шы бабында жер және оның қойнауы бұл халықтың меншігі деп жазылған. 

Сәбит Жеңісұлы, Алатау ауданық ХҚКО бас маманы:

Халықтың пікірімен санасайық, халықтың талқысына салайық. Тек құрғақ айғаймен, құрғақ шумен заң ретінде қабылдап тастамай, халықтың талқысынан өткізейік деген мақсатпен өткізіліп отыр деп есептеймін. Бұл жерде тек референдумға ғана қатысты емес, халық өздерінің де толғандырған мәселелерін қойды. 

Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс дейді аманаттықтар. Себебі, ел болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу