Стамбулда Түркия қазақтарының кіші құрылтайы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбулда Түркия қазақтарының кіші құрылтайы өтті

01.08.2014
Стамбулда Түркия қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Түркиядағы қандастарымыз бас қосты. Стамбулда өткен кіші құрылтай аясында ауқымды шара өтті.

Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдарымыз дайындалып, қазақ дизайнерінің қазіргі заманға сай киім үлгісінің көрсетілімі өтті.

Түркия қазақтары ұлттық тағамдарымыздың көбін ұмыта бастаған көрінеді. Сондықтан, Қазақстаннан келген «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының мүшелері Стамбулдағы қазақ қыз-келіншектеріне арнайы курстар өткізіп, ұлттық тамақтардың дайындау әдісін үйретті.

Ал, мерекелік шараға жиналған қауым бауырсақ, құрт, жент, қоспа сынды тағамдардан ауыз тиді.

Ханым Ахметова, «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығы төрағасының бірінші орынбасары:

Түркиядағы қандастарымыз «біз тек бешбармақты, бауырсақты, қуырдақты ғана білеміз», деп айтады. Мен мынау тағам қансоқта, десем, «ол қандай тағам», деп сұрайды.  Қансоқта - өзіміздің Қазақстанда да сирек дайындалатын жеңсік тағам.

Шараның екінші бөлімінде қазақстандық дизайнер Айдархан Қалиевтің әкелген киімдері көрсетілді. Сәнгер Түркия қазақтарына қазіргі заманға сай ұлттық нақыштағы көйлектерді ұсынып, көрермен қошеметіне ие болды.

Ал, модельдер ретінде сахнаға Стамбулда тұратын қазақ бойжеткендері шықты.

Эсра Эсдевлет, дизайнер:

Біздегі сұлу қыздар да Қазақстанның киімін кисін, көрсетсін, деп, бізге киімдер әкелді. Киімдер ұнады. Түркияның киімдеріне ұқсамайды. Басқаша, әдемі.

Осылайша, Түркия қазақтарының кіші құрылтайына рухани-мәдени тұрғыдан нүкте қойылды. Екі ел арасындағы достықты нығайтып, түрлі шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытқан қандастарымыз бен түрік бауырларымызға шапан кигізілді. Шара соңы Қазақстаннан келген өнер иелерінің концертіне ұласты.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу