Павлодарда сот орындаушылары 40-қа жуық пәтерді бір адамға сатып жіберген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда сот орындаушылары 40-қа жуық пәтерді бір адамға сатып жіберген

11.05.2022

Павлодарда сот орындаушылары 40-қа жуық пәтерді бір адамға сатып жіберген. Заң өкілдері бұл істі айналасы бір жарым жылда іске асырып, арзан бағаға саудалаған. Баспанасынан айрылған азаматтар бұл нағыз сыбайлас жемқорлықтың көрінісі, дейді. Ақылбек Сіләмов котеджде ата-анасымен тұрған. Үйді несиеге алып, негізгі бөлігін төлеген. Бірақ 5 млн теңге берешегі қалған кезде қарызды жабу қиындайды. Ал, бірнеше айдан кейін далада қалғанын білген. Ешкім үй иесіне мүліктің сатылымда екенін ескертпепті.

Ақылбек Сіләмов, қала тұрғыны:
Біз аукционның өткенін білмей қалдық. Сот орындаушысы келіп, үйді босатыңыздар дегенде білдік. Кудиенко дегенге 5 млн. теңгеге сатып жіберіпті. Ал, бұл үйдің нарықтағы бағасы 25-35 млн. теңге аралығында.

Сот шешімімен бұғатталған пәтерлердің бір ғана адамға сатылғанын енді білген тұрғындар сотқа ұжымдық арыз-талап түсірді. Себебі кейбірі қаржы жинап өз мүліктерін өздері сатып алмақ болыпты. Бірақ электронды сатылымға қатысуға рұқсат бермей қойыпты. Ол заңды екен.

Гүлмира Юсупова, Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот судьясы:
Қазіргі уақытта сатылымға шығарылған мүліктің бағасы алдымен өсіріледі. Ал, екі мәрте сатып алушы болмаса онда түсіріле бастайды. Бірақ нарықтағы құнынан 25 пайызға ғана арзан сатылуы керек. Әкімшілік істі қараған кезде сатып алушынының бірнеше аукционға қатысқан кездері болды. Заңда оған шектеу жоқ.

Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы мәселеге қатысты ақпарат беруден бас тартты. Жаңа арыз-талап бойынша процессуалдық шешім қабылдануын күту керек, дейді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу