Қазақ-түрік кәсіпкерлері 30 бірдей коммерциялық құжатқа қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-түрік кәсіпкерлері 30 бірдей коммерциялық құжатқа қол қойды

11.05.2022

Қазақ-түрік кәсіпкерлері 30 бірдей коммерциялық құжатқа қол қойды. Бүгін Анкарада мемлекет басшысының сапары аясында екі елдің бизнес өкілдері бас қосып, бірлескен жобаларға жаңа екпін берудің жолдарын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Анадолы елінің кәсіпкерлерімен жеке кездесіп, оларды Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Президент тіпті дайын тұрған жобаларды ұсынды. Сонымен қатар мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанда инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалатынын айтты.

Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы алыс-беріс былтыр 5 миллиард долларды құрады. Қазақстан нарығында түркиялық компаниялар белсенді жұмыс істеп жүр. Әсіресе жол құрылысында. Елордадағы көптеген әсем ғимараттардың бой көтеруіне де анадолы құрылысшылары үлес қосты.

Былтыр түрік компаниялары Қазақстанға 680 млн доллар инвестиция құйған. Жалпы біздің елде 4 мыңдай түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жүр. Құны 2 млрд доллар болатын 61 ірі жоба жүзеге асты. Тағы 25і қолға алынса, 54 жоба жоспарланып отыр. Бұл әрине Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалдың белгісі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін айтты. Саяси жүйе толық жаңғырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын.

Қазақстанның ұлттық экономикасы да түбегейлі өзгермек. Бұл түрік кәсіпкерлерінің үлкен қызығушылығын тудырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оны әділ бәсеке орнату, жекеменшікті қорғау, монополиядан арылту арқылы жүзеге асырамыз. Осының бәрі еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайта түседі. Сонымен қатар бизнестің мүддесі мен құқын қорғауға ықпал етеді. Ең бастысы, шетелдік инвесторлар үшін экономикалық мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, алдымыздан ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі ашылады. Бұл Түркияның ірі холдингтеріне, компанияларына ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де мүмкіндік береді.

Қазақстан қазір құны 17 млрд доллардың тауарын шеттен сатып алады. Бұл қыруар қаржы өзге елдердің қалтасына кетіп отыр деген сөз. Енді ақырындап өзімізде өндіру қолға алынбақ. Әсіресе мұнай-газ саласына екпін беріледі

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан мұнай-газ саласы үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Бізде бұған қолайлы жағдай жасалған. Мұнай-газ саласындағы инвесторлар тарапынан сұраныс бар, олар қажетті қаржыны да ұсынып отыр. Ал, сіздерде озық технология және тың тәжірибе бар.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркиямен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға да баса мән беретінін айтты. Сонымен қатар жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі де айтарлықтай арта түскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды.

Тауар тасымалының түрлі бағыты болған абзал. Бұны соңғы жағдайлар айқын көрсетті. Ауқымды жобаға түркиялық компаниялар белсенді қатысуға әзір.

Хусейн Аслан, Түркиялық кәсіпкер:
Қазақстан бізбен бауырлас болғанынан бөлек, инвесторларға ең қолайлы жағдай жасап отырған елдердің бірі. Біз бүгінде Қазақстанда Түркістан және Ақтау халықаралық әуежайлары және үш аурухана салуға бас-аяғы 2 млрд доллардан аса инвестиция құйып отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторлармен кездесуі біз сияқты кәсіпкерлерді Қазақстанмен жұмыс істеуге ынталандыруда. Инвестиция құю саласында тәжірибесі аз кәсәіпкерлерге де жол көрсетіп отыр.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
Бұл кездесу Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайтуына септігін тигізері сөзсіз. Бүгін екі елдің компаниялары 30 коммерциялық құжатқа қол қойды. Бұл алыс-берісті жандандыруға серпін береріне сенім мол. Бастысы қол қойылған құжаттардың іс жүзінде жүзеге асуы. Ал бұл жұмысты президент жеке бақылауына алатынын айтты.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу