Ұлыбританияда елдің даму жоспары жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда елдің даму жоспары жарияланды

11.05.2022

Ұлыбританияда Парламент сессиясының салтанатты ашылуында елдің экономикалық дағдарысты еңсеруге бағытталған жоспарлары жария етілді. Соңғы 60 жылға жуық уақыт ішінде бірінші рет шараға Патшайым емес оның ұлы басшылық етті. Монарх денсаулық жағдайына байланысты шараға биыл қатыса алмады. Соңғы уақытта 96 жастағы Патшайымның еркін жүріп-тұруы қиындап кеткен. Негізі 5 ғасырлық тарихы бар Парламент сессиясының ашылу салтанаты ресми шара болып есептеледі, бірақ монархия үшін маңызы зор. Ол Патшаның, Парламенттегі Лордтар және Қауымдар палатасының ауызбіршілігін білдіреді. Дәстүр бойынша монарх үкімет ұсынған, премьер-министр кеңсесі бекіткен дайын мәтінді оқып береді.

Чарльз ханзада:
Жоғары мәртебелі Патшайымның Үкіметі экономиканың өсуі мен нығаюына және өмір сүру деңгейінің арттыруына аса мән береді. Мәртебелі Патшайымның министрлері көшелерді қауіпсіз ету үшін полицияға қолдау көрсетуді және ковидтің салдарынан тұралап қалған Ұлттық денсаулық сақтау қызметін қаржыландыруды жалғастыра бермек. 

Борис Джонсон Үкіметі 38 заң жобасынан тұратын ауқымды бағдарлама ұсынды. Жаңа бастамалар ел экономикасын нығайтуға, бизнесті қорғауға және өмір сүру деңгейін арттыруды көздейді. Сонымен қатар рұқсат етілмеген митингілерді ұйымдастырушыларды қатаң жазалауға бағытталғандары да бар. Ал тағы бірі Брекситтен кейін Еуроодақ шектеулерін оңай алып тастауға мүмкіндік береді.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу