Қостанайда өрттен зардап шеккен 13 отбасына көмек көрсетіледі – әкімдік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда өрттен зардап шеккен 13 отбасына көмек көрсетіледі – әкімдік

11.05.2022

Қостанай қаласында үш сағаттың ішінде 12 тұрғынүй, 3 жеңіл және бір жүк көлігі өртеніп кетті. Тағы бір үйге зақым келген. Алдымен өзен жағасындағы қамыс жанып,от жақын маңдағы тұрғынүйлерді шарпыған. Өрттің жылдам күшеюіне қатты соққан жел себеп болды. Осылайша Тобыл өзенінің жағалауына тығыз салынған үйлер бірінен соң бірі тұтанып, санаулы сағатта күлге айналды.

Ресми мәлімет бойынша жазым болған, жарақат алған адамдар жоқ. Алайда куәгерлер байлаулы ит, қамаудағы қоян тәрізді үй жануарлары тірідей жанып кеткенін айтады. Бір сәтте баспанасыз қалғандар уақытша шипажай ғимаратына орналастырылды. Әзірге оқыс жағдайдан барлығы 13 отбасы зардап шеккені анықталды. Қазір арнайы құрылған жедел штаб өкілдері шығын көлемін анықтап жатыр. Қала басшылары оның қортындысын қысқа мерзімде дайындап, соған сәйкес зардап шеккендердің бәріне тиісті көмек көрсетілетінін айтады. Бұл оқиға қалалық деңгейдегі төтенше жағдай деп жарияланды.

Марат Жүндібаев,  қала әкімі:
Барлық зардап шеккен тұрғындармен кездестік. Әр отбасына 200 мың теңгеден алғашқы көмек берілді. Тағы да әлеуметтік қорғау мекемесі арқылы 70 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы беріледі. Күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдармен, азық-түлік, киім-кешекпен де қамтамасыз етеміз. 

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу